Энергетика министрі Франция Республикасының делегат – министрі Оливье Бештпен кездесті
Қазақстан мен Франция энергетика саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ведомство мәліметіне сілтеме жасап.
2 мамырда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтары мәселелері жөніндегі Франция Республикасының делегат – министрі Оливье Бештпен кездесті.
"Кездесу барысында министрлер өз үкіметтерінің энергетикалық ауысу және жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы міндеттемелерін қозғап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынастарды нығайта отырып, көміртексіздендіру кешенді мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, министрлер осы ынтымақтастықтың негізін қалайтын "Мирный" жобасындағы (Мирный кентінде 1 ГВт ЖЭС салу жөніндегі жоба) соңғы ілгерілеулерді, атап айтқанда, 2023 жылғы 29 сәуірде ҚР Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және "TotalEren" арасында қолжеткізілген келісімді құптады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстанда атом энергетикасын дамыту перспективалары талқыланған. Француз тарапы Қазақстанда бірінші АЭС салу жобасын іске асыру, сондай-ақ шағын модульдік реакторларды дамыту перспективаларын зерделеу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауқымды "Мирный" жобасын іске асыру шеңберінде электр энергиясының тарифіне қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.