Түркістан облысында қатты дауылдан 2 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр

Qaz365.kz редакциясы

Кентау қаласындағы барлық білім ошақтары қашықтан оқытуға көшіріліп, балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты

Instagram/ KENTAU_TODAY

Түркістан облысында дүлей дауылдан әлі екі аудан тұрғындары жарықсыз отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бәйдібек пен Сауран аудандарында екі мыңнан аса абонент электр желісіне қосылмады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Электр желілерін жөндеу жұмыстарына «Оңтүстік жарық» мекемесінің 6 бригадасы – 48 адам мен 4 техникасы жұмылдырылған.

Сайрам, Сауран, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Созақ аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында желдің екпіні әлі басылар емес.

Облыстық ТЖД-да арнайы штаб құрылып, арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Аймақтағы су нысандары мен қоймаларында тәуліктік кезекшілік жүргізіліп, бақылауға алынған.

Табиғаттың тосын мінезіне байланысты Кентау қаласындағы барлық білім ошақтары қашықтан оқытуға көшіріліп, балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты. Базарлар мен сауда орталықтарының және халық көп шоғырланатын нысандардың жұмысына шектеу қойылды. Аудан, қалалардың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен.