Қазақстанда енді 13 жасқа дейінгі балалардың TikTok қарауына шектеу қойылуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі TikTok өкілдерімен кездесті

depositphotos/j_ilina

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі TikTok компаниясының өкілдерімен кездесіп, медиадағы балалар құқығын қорғау мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Соңғы кездері медиада балалар құқын қорғау, кибербуллингтен сақтау төңірегінде көп ойлар айтылып жүргені белгілі. Осыған орай таяуда министрлік бұл тақырып туралы арнайы жиын өткізіп, әріптестерді медиа этика сақтауға шақырған болатын», - дейді Дархан Қыдырәлі.

 Министр бүгін соның жалғасы ретінде TikTok компаниясының Шығыс Еуропадағы мемлекеттік органдармен іс-қимыл бойынша және корпоратив директоры Сергей Соколов пен компанияның Орталық Азиядағы мемлекеттік билік органдарымен жұмыс жөніндегі басшысы Дмитрий Пылевпен кездескен. 

«Министрлік ұсынысы бойынша елімізде ашылған офис басшысы Дмитрий Пылевтің жұмысына сәттілік тіледім. 
Өздеріңізге белгілі, жуырда ғана әлеуметтік желінің интерфейсі қазақшаланды. Бұл да екі жақты жұмыстың бір нәтижесі деуге болады.Кездесуде компания өкілдеріне 13 жасқа дейінгі балалардың Tiktok-ты пайдалануына шектеу қою бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсындым»
, - дейді ол. 

 Министрдің айтуынша, қазір кибербуллингтің жиілеп, кей жағдайда суицидке итермелейтін әрекеттер бар екені жасырын емес. Сондықтан балалар мен жастар арасында суицидтің көбеюіне әкелетін контентті көрсетуді шектеуге бірге күш салуымыз керек деп отыр.

«Сондай-ақ кездесуде әріптестермен «Интернет жарнама және онлайн платформа туралы» заң жобасы туралы талқыладық. Заңнамада онлайн платформа иелерімен бірге жұмыс істеу, қазақша контентті монетизациялау және модеризациялау, интерфейстерді қазақшалау мәселесі қарастырылып отыр», -дейді Дархан Қыдырәлі.

Сергей Соколов өз сөзінде компания 13 жасқа толмаған жандардың ТикТок платформасын пайдаланбауына назар аударатынын атап өткен. Жас шектеулерін сақтау және кибербуллингтің алдын алу үшін мүдделі билік органдарымен, жұртшылықпен және сарапшылармен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.

Сонымен бірге TikTok өкілі аталған заң жобасының әзірленуіне өз үлесін қосып, онлайн платформаларды жетілдірудегі мемлекет жұмысына қолдау білдіріпті.