Швеция Құранды өртеген белсендіні сырттай қамауға алды - БАҚ

Qaz365.kz редакциясы

Олардың айтуынша, белсенді қазір Данияда жүр

anews.com

Швеция прокуратурасы қаңтарда Түркияның Стокгольмдегі елшілігі алдында Құранды өртеген "Қатаң бағыт" партиясының ультраоңшыл белсендісі Расмус Палуданды сырттай қамауға алды. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген швед ақпарат құралдары жазды. Олардың айтуынша, белсенді қазір Данияда жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Ақпарат құралдарының жазуынша, швед құқық қорғау органдары Палуданға қатысты этностық өшпенділікті қоздыру фактісі бойынша тергеу бастаған. Белсендіні Швецияда тергеуге шақырған, алайда ол барудан бас тартқан. Швеция прокуратурасы Палуданды Данияда дат полициясының көмегімен тергеуі мүмкін екенін айтты.

Ақпарат құралдарының жазуынша, белсенді Швецияға келсе, дереу тұтқынға алынады. Палуданның өзі Aftonbladet басылымына "Швецияға бару қауіпсіз емес" деп, Даниядан видеобайланысқа шығып, тергеушілердің сұрақтарына жауап беруге қарсы емес екенін айтқан.

Швеция полициясы мен прокуратурасы белсендіні сырттай қамауға алу туралы шешім шығарғанын әзірге ресми түрде растамады.