Журналистерді «крокодилге» теңеген депутат кешірім сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Депутат журналистерге өзінің көңілі толмайтын жағдайлар бар екенін де айтып қалды

el.kz

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желіде журналистерді «қолтырауын» (крокодил) деп сынаған. Бұған қоғам белсенділері қарсы шыққан еді. Бүгін жалпы отырыстан кейін депутат тілшілерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Кеше Nat Geo Wild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен  Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін сезетінін біледі», – деп жазған Самат Нұртаза.

Ол осы ретте пленарлық отырысқа бара жатып, депутаттарды күтіп отырған журналистерді көзі шалып қалғанын айтады.

«Аңғарған жанға адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық», - дейді мәжілісмен.

Бүгін тілшілер депутаттан не үшін хайуанатқа теңегенін сұрады.

«Қалжың түсінбесеңіздер, кешірім өтінемін. Адамзаттың өмірінде хайуанатпен, табиғатпен байланыстар өте көп. Сол жағынан салыстырмалы түрде оқырмандарыма жаздым. Қалжың түсінбесеңіздер, бұл жағдай енді қайталанбайды», - деді Самат Нұртаза.

Ол бұл постты бүгін таңертен жазып, бірнеше минуттан соң өшіріп тастаған. Сонымен қатар депутат журналистерге өзінің көңілі толмайтын жағдайлар бар екенін де айтып қалды. 

«Мәжіліске сайланғанымызға 1,5 ай өтті. Менің бір байқағаным, 20 шақты депутаттан ғана сұхбат алады. Ал қалған депутаттармен тілдесіп, олардың пікірін білуге тырыспайтындар бар. Сіздер өздеріңізге қызықты депутаттардан ғана пікір аласыздар, сондықтан да сіздерді хайуанмен салыстырдым», - деп түсіндірді.