Алтын өндірушілер тау-тасты қазып тастаған
Маралды ауылының тумасы Талғат Исин мен Назархан Уәлиев бүгін алтын өндірісіне қарсы наразылығын білдіріп, Экология министрі Зүлфия Сүлейменовамен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Талғат Исин мен Назархан Уәлиев Шығыс Қазақстан Күршім ауданы Маралды ауылында 28 наурызда өткен алдын ала тыңдаудың (Күршім ауданы әкімі халыққа солай түсіндірген) хаттамасының күші жойылғанын «шағын жеңісіміз» дейді. Айтуларынша, сол жиын қорытындысы бойынша Бірыңғай экологиялық порталда қоғамдық тыңдауға «состоялся» деген баға беріліп кеткен. Ауыл тұрғындары осыған наразы болған.
Маралдылықтар әлі де мәселенің реттелмегеніне наразы. Айтуларынша, алтын өндірушілер тау-тасты қазып тастаған. Соған байланысты жайылым жер тарылып, малды аю жарып кетіп жатыр.
«Ауылдың бәрін қазып, көк тас қылып тастады. Тұрғындар алыс жерге малын айдап жүр. Кеше ғана Әділ Қожақов деген құрдасымның алты сиырын аю жарып кетіпті. Енді ол оның сұрауын кімнен сұраймын деп басы қатып отыр», - дейді Талғат Исин.
Сондай-ақ маралдылықтар өздеріне қарсы әлеуметтік желіде пост жазған блогерлерге «сәлем» айтты.
«Былтырдан бастап жалдамалы блогерлер бір мәтінмен бір әдістеме бойынша жаза берген. Оларға ауыл тұрғындары жауап қайтарды. Ауылға келсін! Қара алтын қазушылар бар ма, жоқ па – көрсін!» - дейді ол.
Ал Назархан Уәлиев экологиялық белсенділерді, жалпы халықты мәселеге назар аударуға шақырды. Оның сөзінше, мұның арты әлеуметтік дүмпуге апарып соғуы мүмкін.
«Халықтың наразылығы басым. Күршім өзенінің бойындағы 10 ауыл да қарсы! Қалай болса да бұларды тоқтату керек», - дейді Назархан Уәлиев.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын фабрикасының жыры әлі басылмай тұр. Екінші жыл қатарынан жергілікті тұрғындар ауыл аумағына алтын қазатын фабрика салынбасын деп талап қойып келеді. Амалы таусылған халық тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «олигархтардан қорғауды» сұраған еді.
Мұның алдында Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Шығыс Қазақстан облысының Маралды кентінде болып жатқан экологиялық жанжалға түсініктеме беруден бас тартқан.
Ал кеше Маралды ауылының тұрғындары 28 наурызда өткен қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша шыққан хаттаманың күшін жоюды талап етті.