Тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымына 100-ден аса арыз түскен
Қазақстандағы пойыздар соңғы кезде уақытымен жүрмейтін болған. Жолаушылар 4-5 сағаттап вокзалда рейсін күтіп отыруға мәжбүр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап..
Пойыздың кешігетіні туралы хабарлама вокзалда отырған әр адамның ашуына тиетіні сөзсіз. Соңғы кезде елдегі жолаушы тасымалдайтын вогондар уақытымен жүрмейтін болған. Соның кесірінен қазақстандықтар алтын уақытын жоғалтып, бірнеше сағаттап вокзалда отыруға мәжбүр.
– Әр адамның өзіндік жоспары бар ғой. Сол жоспарға лайықты билетті де аласың. Бірақ кешігесің. ҚТЖ-ға хат жазсаң, ескерілмейді, – деді қала тұрғыны Аяулым Битай.
– Пойыздар кешігетіні рас. Қостанай қаласына бара жатырмын, – деді қала тұрғыны Зиада Баймағамбетова.
– Адамдар уақытын жоспарлап қояды ғой. Біреуде жұмыс, біреуде той дегендей. Ыңғайсыз, әрине. Мәселе дұрыс шешімін тапса, жақсы болар еді, – деді қала тұрғыны Шарапат Тұрлыбекова.
Тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымына қыстан бері пойыздардың кешігуі туралы 100-ден аса арыз түскен. Ал бір айдың ішінде 20 шақты адам шағымданыпты. Ұйым төрағасы жолаушылар тасымалы компаниясына сұрау салса, техникалық себепке байланысты кешігетінін алға тартқан.
– Пойыздар тоқтап қалғанда 2-3 сағат бала-шағамен станцияда, бөтен жерде отыруы керек. Не тамағын, не суын бермейді. Жағдай жасамайды, – деді «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы Еркін Томпиев.
Заң бойынша рейс кешіккен жағдайда отырғызу талоны мен билетті көрсетсең, әр сағаты үшін билет құнының 3 пайызы қайтарылатынын білеміз. Бірақ бұл қызметті көпшілік қолданбайды. Себебі діттеген жеріңе 5 сағат кешігіп келіп, қолыңдағы 3-4 ауыр сөмкені арқалап, кассаға баруға зауқың болмайды. Билетті сатып алу оңай, ал өтемақыны қайтару қағазбастылыққа тіреледі. Ақшаны қайтару процесі қиын екенін компания өкілі де мойындап отыр.
– Жалпы, бұған дейін де билет кассасы арқылы жүргізгенбіз. Ақшаны қайтару мәселесі де өте күрделі. Қазір ол мәселені қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта жүзеге асып жатса, алдын ала хабарлайтын боламыз, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.
Ал «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бүгінде пойыздардың кешігуін күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланыстырады. Кейбір елдімекендерде пойыз жылдамдығын бәсеңдетуге тура келетін көрінеді. Компанияның ресми өкілі бұл уақытша мәселе деп сендірді.