"Цензура жасайтын ұйымға мүше болмаймыз": Қаламгерлер Жазушылар одағынан шығып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Жазушылар одағының мүшелері төрағаға риза болмай, мүшеліктен бас тартып жатыр. Бұған Қазақстан Жазушылар одағының сайланған жаңа төрағасы Мереке Құлкеновтың «Жазушылар оппозиция болмауы керек» деген сөзі себеп. Бұл одақтың кейбір мүшелеріне ұнамай жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Су жаңа төраға  «жазушылар билікке қарсы шықпау керек, оппозиция болмауы қажет» деді. Мен әуелі мистик жазушымын. Сосын тәуелсіз журналиспін. Қара шаңырақ одақты қаншалықты қадірлесем де қарамағындағы мүшелеріне мұндай цензура жасайтын төрағасы бар ұйымға мүше болғым келмейді. Бүгіннен бастап одақ мүшелігінен шегіндім», – дейді жазушы Қойшыбек Мүбәрак.

Астаналық жас жазушы Есбол Нұрахмет өз наразылығын білдірді.

«Құрылтайға бармадым. Көрмедім. Бірақ барған жұрттың көбі жазушылардың сағы сынғанын, тым көңілсіз болғанын айтып жатыр. Осының бәрі биліктің әр істің бәріне тұмсығын тыға беруінен туындап отыр. Тым құрыса, осындай шығармашылық ұйымдарға еркіндік беруге болмай ма? Түсінбеймін! Жаңа сайланған төраға әр жазушының қандай пікірде болуы керек екенін белгілеп бере алмайды. Шығармашылығына да араласа алмайды. Одаққа төраға болу, менің түсінігімде, оқырман мен жазарман арасына дәнекер болу, билік пен жазушы емес. «Егер Жазушылар одағының мүшесі тек төрағаның ғана көзқарасымен өмір сүруі керек десе, мен де бас тарттым», – дейді Есбол Нұрахмет.

Бұл жазбаны өзге де қаламгерлер қолдап, “сондай ойдамын”, “дұрыс айтасың” деп пікір жазған. 

“…өте қорқынышты сөз.Бұл Жазушылар Одағының бұдан кейінгі ұстанымы болуы да ғажап емес”, – деп жазды желідегі парақшасынд ақын Ықылас Ожайұлы.

Айта кетейік, бүгін Мереке Құлкенов құрылтайда: «Жазушылар болғаннан кейін, сын болады. Бірақ ешқашан біздің жаз ушылар оппозиция болмайды деп есептеймін», – деген болатын.