Жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркеледі

Qaz365.kz редакциясы

Оның ішінде жұмыспен қанау, жезөкшелікке тарту мақсатында притондарды ұйымдастыру және оларды ұстау сияқты фактілер бар

Ашық дереккөздерден

Бұл туралы Астанада өткен адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі форумда айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркеледі. Ал биылғы 4 айда 12 қылмыс тіркелген. Оның ішінде бас бостандығынан заңсыз айырылғандарды жұмыспен қанау, жезөкшелікке тарту мақсатында притондарды ұйымдастыру және оларды ұстау сияқты фактілер бар.

Сонымен қатар форумда «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжат қазір Парламенттің қарауына енгізілген. Жобаны адам саудасының құрбандарына алғашқы көмек ретінде 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар олар оңалту орталықтарына жатқызылады. Жиналғандар қоғамды алаңдатқан проблеманы ушықтырмас үшін заңнамалық құжат аса қажет деп есептейді.

"Заң жобасы өте маңызды. Адам құқығын қорғауға және эксплуатациядан бас тартуға мемлекеттің бір өзінің шамасы жетпейді. Оған БАҚ, мемлкеттік емес ұйымдар, қарапайым азаматтар көргеннен кейін бәрін шығарып, айтып отыру керек. Мұны жеке басым үнемі айтып кетемін", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов.