«Балаң тірі, неге кешірім бермейсің»: Полиция Қазалыда соққыға жығылған баланың ісін тергемей жатыр

Qaz365.kz редакциясы
коллаж Qaz365.kz

«Балаң тірі, неге кешірім бермейсің». Полиция Қазалыда соққыға жығылған баланың ісін тергемей жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

6 сәуір күні Қызылорда облысы Қазалы ауданында бір топ жасөспірім 9 сынып оқушысын тепкінің астына алған видеосы әлеуметтік желіге тараған. Соққыға жығылып, есінен танған 15 жастағы Қуандықты бейтаныс адамдар үйіне жеткізген. Ұлы үшін алаңдаған ана «Көреміз» бағдарламасынан араша сұрады. Ақмарал Төлегенованың бар уайымы қылмыстық іс бұрмаланып кете ме деп қорқады. Себебі алғашында Қазалы ауданының полиция бөлімі оқушының жаңбырдың суына аяғы тайып құлап, жарақаттанып алған деп жалған мәлімдеме жасаған.

Оқиға қалай болды?
 

Соққыға жығылған Қуандық Сәбитұлы бір өлімнен қалған.

«Үйге келсем Қуандық анау жерде жатыр екен. Қайтадан қорылдап жатыр бала. Бетіне қарап, «Қуандық ұйықтамашы» деп жалына беріппін. Балам «мама ештеңе болған жоқ» деп жатып қалды. Жедел жәрдем келген кезде балам оларға «кетіңдер» деп есеңгірей бастады», - дейді Ақмарал Төлегенова.

Ауыр жарақат алған баласын Ақмарал бірден аудандық ауруханаға жеткізеді. Бірақ мұндағы дәрігерлер оқушының дертін емдеуге асықпаған-мыс.

«Ертесінде ауруханаға барсам, баламның көзінің қаны сүртілмеген де. Сол көзінен екі күн бойы қан ағып тұрды. Дәрігерлер маған көзіне тамызатын дәрі әкеліп бер деді. Оны апардым. Тамыздық. Көзін қолымызбен ашып, өзіміз тамыздық», - дейді анасы.

Ақмарал Төлегенова ауруханаға қызметкерлері баласына дәріні алғызғанын айтады.

«Мен дәріханаға кеткен кезде полиция майоры Мархабат Бегалиева мен Айбек ағай екеуі ішке кіріп, «сен еркек емессің бе? Құлап қалдым» деп айт деген», - дейді анасы.

Полиция істі оңай жапқысы келген. Төбелес болған күні Қызылорда облыстық полиция департаментінің анықтаушысы Рахымжан Сұлтанқұлов баланың «өзі айтуынша, жаңбырдан соң абайсызда құлағанын» жарияға жар салған.

«Балам қор болмай тұрғанда алып кетейін»
 

«Көреміз» деген бағдарламада Ақмарал Төлегенова баласының кеше ғана ауруханадан шыққанын, оның көзі бұлдырлап көрмей қалатынын айтып отыр.
Қазалы аудандық ауруханасының травмотолог дәрігері Қайрат Медетбаевтың айтуынша, 6 сәуір күні Қуандыққа қойылған диагноз – миының шайқалуы, бас миының зақымы, бетінің, мойнының жұмсақ терісінің зақымдануы болған. Қарақұстан да зақым келген. Бір сөзбен полиция хабарлағандай «бала өздігімен құлап», мынадай ауыр жарақат алуы мүмкін емес-тін.

«Келген кезден бастап басын тексердік. Ішкі құрылысының бәрін УЗИ-ге түсірдік. Біздің қорытындымыз – КТ жасалды. Онда бізге ешқандай патология жоқ деген шешім шықты. Сонымен ол баланы зерттедік. Анализдерін алдық», - дейді ол.

Ақмарал Төлегенова баласының қамы үшін оны басқа ауруханаға ауыстыру жөнінде шешім шығарған. Оны баласының қанын ылғи өзі сүртіп, Қуандық күтімсіз қалғанымен түсіндіреді.

«Балам қор болмай тұрғанда алып кетейін дедім», – дейді анасы.

Полиция неге дұрыс жауап бермейді?
 

Осыдан кейін Ақмарал Төлегеноваға бес ата-ана мен екі оқу ісінің орынбасары үйіне келген.

«Олар маған «балалар балалық жасады, кешірім бер» дейді. Бұлар – он бірінші сыныптың оқушылары. Мектептің ауласында баламды біреу иығынан қағып кетіпті. «Ары жүрсеңші, жерге сыймай жүрсің бе?» деген балама «бері келші, сөйлесейік» деген. Біз теміржолдың арғы бетінде тұрамыз. Жаңбыр жауып кеткеннен кейін балам жанындағы жолдасына «такси шақырып берші, үйге қайтайын» деген. Сол кезде бір топ бала Қуандықты шақырып алған да әңгіме болған. Қуандық ол балалардың бәрін таниды», - дейді анасы.

Ақмаралдың үйіне келген ата-аналардың кейбірі «көзі жараланса, көзімді берейін» деп ағынан жарылса, екіншісі «балаң тірі ғой, кешірім неге бермейсің» деп қинаған.
Ал Қуандықтың әжесі Гүлнар Алданиязқызы ең алдымен немересінің аман-сау болғанын тілеп, содан кейін тергеудің әділ өтуін талап етеді.
«Көреміз» бағдарламасының журналистері Қуандыққа барып, «құлап қалдым» деп жаз деген полиция майоры Мархабат Бегалиеваны таба алмай қойған. Ол ауруханадан анықтама алғанын әріптестері айтқан. Ал мектептің тәртібіне қарайтын учаскелік полицей қылмыс болған күні еңбек демалысында болғанын айтады.

«Соңына дейін күресемін»
 

Заңгер Нұрбол Ибраевтың айтуынша, учаскелік инспектор Қуандық алғаш ауруханаға түскен кезде оның «расында құлағанына» көз жеткізуі керек еді.

«Бұл жерде қызметтік тексеріс жүргізілуі керек. Полицияның да үстінен тексеретін органдар бар. Прокуратура бар. Арыздану керек. Жасыру фактілері бар», - дейді заңгер.

Осы оқиғадан кейін Қуандық оқитын мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кеткен. Алайда ол қызметінен кеткенін әділетсіздік деп санайды.
Қазіргі уақытта Ақмарал Төлегенова әділдік үшін соңына дейін күресеміз деп отыр.