Көлік апатынан адам өлімі қай жолдарда жиі болады - ІІМ

Qaz365.kz редакциясы

Жол-көлік оқиғаларының 94%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады

Ашық дереккөздерден

Ішкі істер министрлігі көлік апатынан адам өлімі жиі болатын жолдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі. 

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген.

«5 жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасында 11 193 адам (8 212 ер адам, 2 974 әйел, 1 093 бала) қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингінде Қазақстан 100 000 халыққа шаққанда 12,7 өлім көрсеткішімен әлемнің 192 елінің ішінде 107 орында тұр. Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан азаматтардың 36%-ы жаяу жүргіншілер, 32%-ы көлік құралдарының жолаушылары, 27%-ы көлік құралдарының жүргізушілері, 5%-ы мотокөлік немесе велосипед тізгіндегендер», - делінген тұжырымдамаға енгізілген Ішкі істер министрлігінің деректерінде.

Ведомство барлық жол-көлік оқиғаларының 94%-ы жүргізушілердің кінәсінен болатынын атап өткен. Оның ішінде 6%-ға жуығы – мас күйінде көлік басқаратындар.

«Былтыр адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғаларының жартысына жуығын автомектептерде оқымай, өз бетінше оқыған адамдар жасаған. Жоғарыда аталған себептермен орын алған жазатайым оқиғалардың 55% жолда жүру қағидаларын бұзу фактілерін фото-бейне жазбаға түсіретін камералардың жоқтығына және патрульдік полицияның жылжымалы техникалық бақылау құралдарымен нашар жабдықталуына байланысты жол қозғалысын қадағалау мен бақылау тұрақты емес қаланың сыртындағы жолдарда болады», - деп жазылған құжатта.

Сонымен бірге министрлік ұсынған ақпараттың ішінде жол-көлік оқиғасынан адам өлімі көп тіркелетін жолдар айтылған.

«Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Ташкент», Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы «Орал-Атырау» автожолдарының учаскелерінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Яғни, мұнда қайтыс болғандар жалпы апаттардан көз жұмғандардың 60%-нан астамын құрайды», - деп баяндалған тұжырымдамада.

Жалпы, еліміздің автопаркінде қызмет ету мерзімі 20 жылдан асатын көліктердің үлесі басым. 5 жыл ішінде техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін 565,7 мың жүргізуші жауапқа тартылса, соның 266,8 мыңына техникалық байқаудан өтпегені үшін айыппұл салынған.