Алматыда жол бойына сәбиін тастап кеткен ана жазаға тартылды

Qaz365.kz редакциясы

Шешесі ұялы байланыс бар жерді іздеп кеткенін айтып ақталыпты

Фото: ашық дереккөзден

Үлкен Алматы айналма жолының бойына баласын қалдырып кеткен ана әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап. Арбадағы сәбиді кездейсоқ жүргіншілер тапқан.  Ал шешесі ұялы байланыс бар жерді іздеп кеткенін айтып ақталыпты.

Көпір астындағы қара жолда қараусыз қалған нәрестені тапқан адамдар аң-таң. Күн астында күйіп кетпесін деп, көліктеріне жатқызып өбектеген бейтаныс жанға балақай күліп те қояды. Айқайлағанмен, «әу» деп елең еткен ешкім болмаған соң, дереу полицияға қоңырау шалады. Абырой болғанда көп ұзамай баланың анасы табылды. Сөйтсе телефонның интернеті істемей, жолдың арғы бетіне шығып кеткен екен. Ақыл-есі дұрыс. Осы қылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 “Тәртіп сақшылары баланың анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Баланың ата-анасымен түсіндірме сипаттағы профилактикалық әңгіме жүргізілді. ҚР ҚК мен Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің баптары туралы түсіндірме өткізілді”, – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.