WhatsApp-та Ашық НҚА порталында орналастырылған жаңа бұйрыққа қарсы дауыс беруге шақыратын хабарлама тарауда. Онда пәтерлері мен көліктері, жеке бизнесі жоқ ата-аналардың балаларын тартып алып, шетелге жіберу қарастырылған нормалар бар-мыс, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл нормалармен келіспегендерді психотроптық препараттармен мәжбүрлеп емдейтін көрінеді.
"Мұның барлығы жалған. Шын мәнінде, бұл жерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесін бекіту туралы" бұйрығының жобасы туралы айтылып отыр. Ол баршаға қолжетімді және қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылды. Жоба мәтінінде қазақстандық отбасылардың бірнеше пәтері мен көлігі, сондай-ақ олар кәсіпкер болуға тиіс екендігі туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ балаларды отбасылардан тартып алу немесе мәжбүрлі түрде психиатриялық емдеу туралы айтылмайды", деп хабарлайды stopfake.kz
Оның орнына жобада қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейін жеті түрлі өлшемшартпен анықтау ұсынылады:
– кірістер мен кредиттік міндеттемелердің болуы;
– жұмыспен қамту (отбасының еңбекке қабілетті мүшесінің жұмыспен қамтылуы);
– тұрғын үйдің, жеке қосалқы шаруашылықтың, жер учаскесінің болуы;
– жылжымалы мүліктің болуы;
– әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету;
– денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету;
– білім беру саласындағы қызметтермен қамтамасыз ету;
Әр санат бойынша балл жинауға немесе жоғалтуға болады. Мысалы, егер отбасының әрбір мүшесінің орташа айлық табысы үш немесе төрт ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болса (2023 жылы 46 000 теңге), яғни 138 мың теңге болса, онда отбасына 400 балл беріледі. Бірақ несие бойынша берешегінің болуы банктерге қанша отбасы мүшесі қарыз болғанына қарай 250-ден 500 баллға дейін алынады.
Бағалау нәтижелері бойынша қазақстандықтарды шартты түрде бес санатқа бөлуге болады:
– қолайлы деңгей, 1 800 және одан жоғары балл;
– қанағаттанарлық деңгей, 730-дан 1 799 балға дейін;
– қанағаттанарлықсыз деңгей, минус 30-дан 729 балға дейін;
– дағдарыс деңгейі, минус 460-тан минус 29 баллға дейін;
– мүшкіл деңгей, минус 459 баллға дейін.
Бұл мұқтаж азаматтарға барынша сапалы және тиімді көмек көрсету үшін қажет. Әдістеме енгізілгеннен кейін азаматтар қажетті мемлекеттік қолдауды проактивті режимде, яғни нақты ведомстволарға жүгінбей-ақ ала алады деп көзделген. Айта кетейік, бұл әдістеме Алкире-Фостердің көп өлшемді кедейлікті өлшеу әдісіне негізделген.
"Қазіргі әлемде көп өлшемді кедейлік тұжырымдамасы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын өлшеудің ең прогрессивті тәсілі болып саналады, өйткені табыстың төмен деңгейі әл-ауқаттың төмен деңгейінің бір ғана аспектісі болып табылады. Отбасының орташа табысы тапса да, сапалы медициналық қызметтер мен білімге, лайықты жұмысқа және т. б. қол жеткізе алмауы мүмкін. Әдістемеде қолданылатын көпөлшемді индикаторлар әлеуметтік қолайсыздық топтарын нақты сәйкестендіруге және сол арқылы қалыптасқан жағымсыз үрдістерді еңсеру үшін әлеуметтік саясаттың орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін әл-ауқаттың негізгі параметрлерін оқшаулауға практикалық мүмкіндік береді", – делінген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ, отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтау мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылмақ.