«Ол маған тиіседі»: Алматы облысында 8 жасар қызды зорлады деген күдікті көршісі болып шықты

Qaz365.kz редакциясы

Көршілері көшіп кетсін деп отыр

dw.com

Алматы облысы, Көктөбе ауылында 8 жасар қызды зорлауға оқталды деген 44 жастағы азамат қамауға алынды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі  Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Көктөбедегі көршілерден береке кеткелі бүгін бесінші күн. «Қой терісін жамылған қаскөй, қойнымдағы қызымды қаралайды деп ойламадым» дейді зәбір көрген қыздың апасы. Сегіз жастағы оқушыға ойына келгенін жасады деген арсыз, жымысқы ойын жиі-жиі қайталап келіпті. Апасының айтуынша алма беріп алдап, тәтті беріп тәніне қол тигізген.

– Бір жылдың ішінде 4 рет болып отыр ғой. Ешкімге айтпасын деп баланы қорқытып қойған. «Ол маған тиіседі» деп жылап айтты. Үйімізге келіп амандасып жүрген адам ғой, – деді қыздың апасы.

44 жастағы азамат Көктөбе ауылында көрші болғалы 15 жыл болыпты. Өзі де азаматтық некеде, екі ұл-қыз өсіріп отыр. Солармен ойнауға барып, от басқан оқушының тағдыры да қазір тұтас елді алаңдатып қойған. Маңайындағы көршілері «енді күдіктімен көше бөлісіп, кесе алмаспаймыз» дейді.

– «Бұл мүмкін емес, көршіліердің арасында мүмкін емес» дедім. Себебі көшеде немерелер ойнайды. Алаңдағаннан кейін бардым. Көшеде ылғи қыз балалар ойнайды. Ол жерде үй сатылады деп жарнама ілініп тұр, – деді Көктөбе ауылының тұрғыны Зәуре Әбдіғаниева

Аядай ауылда азғындыққа барды деген күдіктіні көршілері көшіп кетсін деп талап қойыпты. Өйткені жаға ұстатар жағдай тағы қайталана ма деп қорқады. Оның үстіне әлгі сезікті тұратын үй маңынан мектеп баласы да күнде өтеді екен.

Күдіктіні бүгін Алматыдағы сот-сараптамалық институтына алып келіп, сынама анализін алып жатыр. Әзірге тергеу жүріп жатқандықтан қосымша ақпарат алу мүмкін болмады. Тек оны әзірге уақытша тергеу изоляторынде ұстайтыны айтылды.  

– Ол 2022 жылы немересінің айтуы бойынша жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасаған. Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша, аудандық полицияға тіркелді. Күдікті азамат заңнамада тіркелген тәртіппен қамауға алынды. Аталған деректі тексеру шеңберінде, сот медициналық сараптамалық тағайындаумен, барлық тергеу әрекеті жүргізілуде, – деді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ернар Сайділдин

Ауыл адамдарының айтуынша, күдікке ілінген азаматты дереу қамауға алмапты. Тек Алматыға қашып барған жерінен ұстап алып келгенін айтады. Сондықтан жергілікті учаскелік полицияның да жұмысын сынға алды. Егер тәртіп үстемдік орнатпаса, қылмыс көбеймесе, азаймасы анық .