Ақтөбе облысында 10 ауыл арақ-шараптан бас тартқан

Qaz365.kz редакциясы

Өңірде «Қауіпсіз ауыл» атты жоба қолға алынған

Ақтөбе облысының 10 ауылында екі жылдың ішінде бір де бір қылмыс тіркелмеген. Бұл туралы өңір әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz

Ералы Тоғжановтың айтуынша, өңірде «Қауіпсіз ауыл» атты жоба қолға алынған.

«Қауіпсіз ауыл» бағдарламасының аясында Ақтөбе облысында 10 ауыл арақ-шараптан бас тартқан. Ал ішімдік болмаған жерде қылмыс жасалмайтыны анық» , – дейді Ералы Тоғжанов.

Әкімдік ауылдардағы ақсақалдар алқасымен бірлесіп, бірқатар игі істер атқарған. Аймақ басшысының сөзінше, «бұл бастаманың мәнін әр адам түсінсе, қылмыс деңгейі әлдеқайда төмендер еді».

«Арақ ішпеу, темекі шекпеу сияқты мәселелер насихатталып жатыр. Бізде қазір қылмыс жасалмайтын 10 ауыл бар. Екі жылдың ішінде мүлде қылмыс болмаған. Қылмыс жасалмаған жерде «Қауіпсіз ауыл» болатыны белгілі. Сондықтан жыл аяғына дейін 60 ауылды осы жобаға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Енді, қолымыздан келгенше көреміз», - деді аймақ басшысы.