Екібастұзда тағы да апат: бір көшені ыстық су басты

Qaz365.kz редакциясы

Апат бүгін таңертең болған

azattyq-ruhy.kz

Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесін бүгін таңертең құбырдан аққан ыстық су басты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Көшенің бойындағы арықтан буы бұрқырап ағып жатқан ыстық суды тұрғындар видеоға түсіріп алып, желіге салған. Айта кетейік, көктемде Екібастұз қаласында ыстық су берілмесе де, халыққа коммуналдық мекеме ыстық судың есебін жіберген. Соны мысқылға айналдырғар тұрғындар «құжат бойынша халыққа ыстық су берілген, бірақ, оның қайда ағып жатқаны енді түсінікті болды» дейді видео түсірген тұрғындар.

Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі апат таңертең орын алғанын хабарлап отыр.

«2023 жылы 18 мамыр күні сағат 06:30-да Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы диаметрі 820 мм №-2 жылу магистралінің жөндеу жүріп жатқан учаскесіндегі бекіткіште ақау анықталды. Қазір ол жердегі су тоқтатылды. Оқиға орнында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның жұмысшылары ақауды жойып жатыр», –  деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ресми дереккөз коммуналдық апат салдары бүгін сағат 14:00-ге дейін толық жойылады деген мәлімет таратты.