Шәкәрім университетіндегі жанжал. Ректор кеткенде министрдің қызметке алу схемасы әшкере болды

Qaz365.kz редакциясы

Өткен аптада Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұжымы бұрынғы ректор Бауыржан Ердембековтың қызметтен алынғанына наразылық білдірген видеосы тараған болатын

Семейдегі Шәкерім университетінің ректорын жанжалмен қызметтен алған Ғылым және жоғары білім министрі университеттегі Директорлар кеңесіне сілтейді. Ал Директорлар кеңесінде министрдің бұрынғы әріптестері мен экс-президент отбасына қатысты адамның отырғаны Мәжілісте сұралмаған күйі қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі adyrna.kz-ке сілтеме жасап. 

Өткен аптада Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұжымы бұрынғы ректор Бауыржан Ердембековтың қызметтен алынғанына наразылық білдірген видеосы тараған болатын. Университет ұжымы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шығарған бұйрықтың күшін жойып, Ердембековке еңбек етуге мүмкіндік беру керек деп мәлімдеген. 17 мамырда осы сұрақты Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов пен журналистер министрдің өзіне қойды.

МИНИСТР БҰРЫНҒЫ РЕКТОРДЫ «ПАТША» ДЕП АЙЫПТАДЫ

Әуелгі сұрақты Ринат Зайытов қойды. Ол университеттегі профессор Арап Еспембетов бастаған оқытушылар наразылығын еске салып, министрден бұрынғы ректор Ердембековтың қызметтен алыну себебін түсіндіруді сұрады. Депутат «Оның ары қарай жұмыс істеуіне не кедергі болып отыр?» деп сұрақты министрге төтесінен қойды.

Депутаттың сауалына министр «Шәкәрім университетіне келетін болсақ, бұл жерде жағдай қиын. Біз өз шешімімізді қабылдадық. Өкінішке қарай сайлаудың кезінде бірнеше басшылық тарапынан заңнамаға қарсы шығаратын әрекеттер болды. Екіншіден, университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштер толыққанды жүзеге асырылмаған. Енді біз ректорларды қатаң бағалайтын боламыз. Әр университет өзінің даму жоспарын бекітеді және біз оны да қатаң бақылайтын боламыз. Мысалы бұрын ректор шыны керек өз бетімен... бір енді патша болды ғой. Өзінің жоспары бар, бірақ оны ешкім бақыламай... Енді оны қатаң қадағалауда ұстайтын болдық. Болашақта оған да ұсыныс жасайтын боламыз. Ол біздің кадрлық резервте болады», - деп жауап берді.

Қазіргі министр Мәжіліс мінберінен бұрынғы ректорды «патша» деп айыптаған кезінде жиынды басқарып отырған Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева реплика да білдірмеді, ескерту де жасамады.  

Ал бұған дейін әлеуметтік желіде «Бауыржан Ердембеков сайлау алдында «Аманат» партиясының мүшелігінен шығып кеткен» деген мәлімет тараған.

Министрдің парламент мінберінде «Өкінішке қарай сайлаудың кезінде бірнеше басшылық тарапынан заңнамаға қарсы шығаратын әрекеттер болды» деген сөзі әлгі мәліметті растай түскендей әсер берген.

Қызметтен кеткен ректор Бауыржан Ердембеков мамырдың 18-інде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пост жариялап министрдің дегендеріне жауап жазыпты.

«Аманат» партиясынан шыққаныммен, заңға қайшы еш әрекет жасамадым» деген Ербембеков «оны кез-келген жерде дәлелдей аламын» деп отыр.

«Мені 2023 жылғы 13-ші ақпандағы Республикалық комиссияның хаттамасы негізінде шығарып отыр. Ал енді «университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштерде толыққанды жүзеге асырылмаған» деген мәселені ректордың есебіне қатысты айтып отырған болса, ол есеп 07.05.2023 ж. уақытта болды. Бұл мәселе жұмыстан шығарылған бұйрыққа тіпті қатысы жоқ, министрдің кемшілікті жамай берейін деген ойы болса керек. Шәкәрім университеті стратегиялық индикаторды орындауда, университеттер ішінде алдыңғы қатарда екеніне комиссия да, күллі министрлік те куә ғой. Әрине, кемшілік табам десе, әлгі бұйрыққа  жамаймын десе, қазбаласа табады ғой, бірақ мәселе басқада...» - деп жазған бұған дейін Ақтөбеде де университет басқарған Бауыржан Ердембеков.

АКЦИОНЕР ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ҚАНДАЙ ЗАҢДЫ БҰЗҒАНЫН АЙТА АЛМАДЫ

Мәжілістегі отырыстан кейін Ғылым және жоғары білім министрінен «Жаңа сіз «Басшылық тарапынан сайлау кезінде бірқатар заңнамалық бұзушылықтар болды» деп айттыңыз. Нақты қандай заң бұзылды?» деп сұрадық.

- Біздің министрлік кез-келген бағынысты мекемелердің жалғыз акционері ретінде Еңбек кодексінің аясында қол қойылған еңбек шартының негізінде кез келген ректормен, (бір нәрсені түсіну керек, ректор ол – қызметкер) еңбек шартын бұзуға құқығымыз бар. Біз сол құқықты пайдаландық.

Ректордың қызметтен алынуын «Аманат» партиясынан шығумен байланыстырғандар болды. Аталған азаматтың қызметтен босатылуы саяси себепке байланысты емес пе?

- Бұл – біздің акционер ретінде қолданған құқығымыз. Енді сол қызметкер еңбек заңнамасының аясында сотқа беруге құқылы.

Акционер ретінде кез-келген ректорды қызметтен алып тастай аласыздар ма?

- Заң бойынша ондай құқығымыз бар. Конкурсты заңды түрде Директорлар кеңесі 18 мамыр күні жариялайды. Оның заңды түрде өз процедуралары бар. Қателеспесем, 15 күннің ішінде тапсырады. Осы Директорлар кеңесі бекіткеннен кейін республикалық комиссияға талапкерлердің барлығы шақырылады. Республикалық комиссияда олар сұхбаттасудан өтеді. Республикалық комиссияның шешімімен ректорды біз тағайындаймыз.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Семейдегі Шәкәрім университеті ректоры Бауыржан Ердембековтің қызметтен алынуына байланысты түсіндіргені осы болды.

САЯСАТ НҰРБЕКТІҢ САЙЫПҚЫРАН СХЕМАСЫ 

Университет ректорын Директорлар кеңесі 3 жылға тағайындайды. Министр оны кез-келген уақытта тағайындап немесе алып тастай алмайды. Бірақ Бауыржан Ердембековтың қызметтен қуылуына саяси жағдай себеп болып отырған секілді. Өйткені оның кезекті мәрте ректор болып тағайындалғанына әлі 3 жыл толған жоқ.

Журналистер министрден «Бауыржан Ердембековтың қызметтен алынуына оның «Аманат» партиясынан шыққаны себеп болды ма?», «Сайлау кезінде нақты қандай заңнама бұзылды?» деп бір емес, бірнеше рет сұрақ қойды. Бір қызығы министр тотықұс секілді бір сөзді жүз рет қайталаумен болды. Өзге сұраққа 5-10 минут көлемінде жауап берген Саясат Нұрбектің ректорға қатысты сұраққа нақты жауап бермегені қалай?

Мұның себебі тереңде екен. Мәселен, Саясат Нұрбек «Директорлар кеңесі шешеді» деп отырған кеңеске 5 адам мүше. Директорлар кеңесінің төрағасы – Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. Оның құрамына тәуелсіз директор ретінде Олжас Сәкенов, Ербол Молдақасымов, Назерке Өтемжарова, Балтабек Мұқашев кірген.

Бір қызығы директорлар кеңесіне бір кезде Саясат Нұрбек басқарған “BTS Education” ЖШС екі қызметкері мүше болған. Мысалы, Олжас Сәкенов “BTS Education” ЖШС білім беру жобаларының менеджері болса, Ербол Молдақасымов  «BTS Digital»  ЖШС-да кеңесші, білім беру орталығының зерттеу жетекшісі болған. Соңғы аталған компанияны да бұрын Саясат Нұрбек басқарған.

Республикалық кеңесте шешім қабылданады, Директорлар кеңесі әрмен қарай шешім қабылдайды. Университеттің Директорлар кеңесі түсінікті, ал Республикалық кеңес қайдан шыққан, оның ықпалы, құрамында кімдер бар - бәрі түсініксіз.

Ал осындағы университеттің директорлар кеңесінде Саясат Нұрбекке тікелей қатысы бар үш адам отыруы қаншалықты заңға сай?  Мұның арты оқу ордасын министрдің қалтасындағы университетке айналдырып жібермей ме екен? Бұл лоббизм емес пе?

Бұдан да қызығы аталған кеңеске «Дариға Назарбаевамен отбасылық байланысы бар» деген Балтабек Мұқашев кірген. 2020 жылы kz.expert/ru  сайтына шыққан мақалада Мұқашев сол кездегі Сенаты Төрайымы Дариға Назарбаевамен келісімге келгені жазылады. Осы келісімнің арқасында Мұқашев бизнесінің тең иесі Дариға Назарбаева болған көрінеді.

Мұқашевтердің құрамына «Апорт» сауда орталығы және SAT business бизнесс-орталықтары кіретін Eurasia RED басқарушы компнаиясына қожалық ететіні хабарланған. Сонымен қатар бұл әулет ауыл шаруашылығы мен қазба байлықтармен айналысатын тағы да бірнеше компанияға иелік етеді.

Ал Саясат Нұрбектің депутат кезінде туындаған «Атлас жанжалын» да басқалар болмаса да, оның бұрынғы әріптестері ұмытпау керек еді. Одан қала берді, білім саласындағы министрлікті басқарып отырып, оның өз балаларын шетелде оқытуы да қоғамда дау тудырған. Депутаттар мұны да білсе керек еді.  

Ал Саясат Нұрбек неге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызымен жақын байланыстағы бизнесменді директорлар кеңесінің мүшесі етіп отыр?

Сайып келгенде, Мәжіліс депутаттары осындай сұрақтармен министрдің мәселесін талқылауға шығаратын жөні бар емес пе?