Мұндай болатынын білгенде тапсырыс алмайтын едік
Кеше кәсіпкер Марат Әбиевтің «Genesis» атауымен ұйымдастырған үлкен жиыны шеруге ұласқан болатын. Салдарынан 26 қараша күні Астана қаласында он шақты адам ұсталды. "Qaz365.kz" ақпараттық агенттігінің тілшісі шулы шарада техникалық қолдау көрсеткен маман Бауыржан Болатұлының пікірін білді:
«Бір апта бұрын досым хабарласып, жиында LED экранға видеотрансляция шығарып беру бойынша тапсырыс түскенін айтты. Белгіленген күні, сағат түскі 12-де шара өтетеін «Жара» түнгі клубына келдік. Камераны орнатып жатқан кезде, қандай да бір концерттің репетициясы болып жатқандай көрінді. Себебі, Қазақстанның әр жағынан келген өнерпаздар сахнада қойылымдар көрсетіп, жігіттер квн ойнап, күй тартты. «Genesis» компаниясының тимбилдингі немесе тренингі деп ойладық. Дайындық кезінде Марат Әлиевтің өзі де жүрді. Жоспар бойынша бағдарлама кешкі сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін өтуі керек еді. Бірақ бастала сала, ортада Марат Әлиев сөз сөйлеп, халықты сыртқа алып шықты. Терезеден қарасақ, клубтың алдында полиция келіп, соңы айқай-шуға ұласыпты. Аппаратурамызды жинап, бірден қайтып кеттік. Бұндай болатынын білгенде, тапсырыс алмайтын едік», – деді техникалық маман Бауыржан Болатұлы.
Естеріңізге болса, Марат Әбиев былтыр Бейбіт Әлібековке берген сұхбатында жемқорлықпен күресу үшін жанына он мың қазақ жігіті керегін айтып, халықты көтерілуге шақырған болатын.