Тест жауаптарын телефон арқылы таратқан түркістандық мұғалімдер жауапқа тартылды

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп директоры мен алты педагог тәртіптік жазаға тартылды

Ашық дереккөздерден

Түркістан облысында тест жауаптарын телефон арқылы таратқан мұғалімдерге тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кеше Ордабасы ауданындағы «Тоқсансай» жалпы орта мектебінде мемлекеттік аттестаттау өткен. Оның барысында ұстаздар заң бұзушылыққа жол берген. Атап айтқанда, Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері тестілеу барысында екі оқушының жасырын түрде телефон пайдаланып отырғанын анықтаған. Телефондарды ашып қарау кезінде педагогтердің дайын жауапты суретке түсіріп, оқушыларға жіберіп отырғаны белгілі болды.

«Аталған жайтқа байланысты мектептің директоры мен алты педагог тәртіптік жазаға тартылды. Мұның алдында «Тоқсансай» жалпы орта мектебі сәуір айында өткізілген мемлекеттік аттестаттаудың нәтижесі бойынша 40 пайыздан төмен көрсеткіш көрсетіп, аттестатталмаған болатын», - деді Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов.