Талдықорғанда жалған медициналық сертификаттарды сатумен айналысқан топ ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Күдіктілерден 300-ге жуық біліктілік куәліктері табылды

Ашық дереккөздерден

Талдықорғанда жалған медициналық сертификаттарды сатумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық жасады деген күдікке ілінгендерді анықтау және оларды кейіннен ұстау прокуратураның үйлестіруімен Жетісу облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері ұйымдастырған арнайы операция барысында жүргізілді.

Ұсталғандарға медициналық қызметті жүзеге асыруға құқық беретін жалған медициналық сертификаттарды дайындау және сату, клиникалық практикаға рұқсаттар, сондай-ақ біліктілік куәліктерін ұсыну бойынша айып тағылады.

Топтың құрамында бағдарламашы, бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері және жеке медициналық орталықтың медбикесі болған.

«Күдіктілерден ондаған ұялы телефон, көптеген банктік және флэш-карталар, компьютерлік техника, қатты дискілер, әртүрлі оқу орындары мен медициналық мекемелердің бірнеше адамдардың атына толтырылған 300-ге жуық біліктілік куәліктері табылды. Еліміздің түрлі өңірлерінен тапсырыстар түскен деп шамалап айта аламыз», - деді Жетісу облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Сарқытбай Құсайынов.