Алматы жұртшылығы саясаткер Жасарал Қуанышәлинді ақтық сапарға шығарып салды

Qaz365.kz редакциясы

Жаназа намазы 20 мамырда Алматының орталық мешітінде оқылды

коллаж Qaz365.kz

Алматы жұртшылығы саясаткер Жасарал Қуанышалинді соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналист, оппозициялық саясаткер, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Жасарал Қуанышалин 1949 жылы 7 сәуірде Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келген.

1972-1978 жылдары Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін "Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі" мамандығы бойынша тәмәмдады.

1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін сырттай бітірген. Мамандығы - заңгер.

Әр жылдары журналист болып жұмыс істеді, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды, "Азат"азаматтық қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

1986 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, кейін ҚазКСР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты болды, "Парасат" орденімен марапатталды.

Ол өзінің еңбек жолын Алматыда журналист және ЖОО оқытушысы болып бастады, 1990 жылдардан бастап еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысты.

Ол 1991 жылдың күзінде "Азат" қозғалысы белсенділерінің басында Орал казактарының Ресей патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын атап өтуге ниет білдірген казактардың іс-шарасына қарсы шыққан адам ретінде халықтың жадында қалды.

1991 жылы ГКЧП болған оқиғадан кейін "Азат" қозғалысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстандағы билікке қарсы тұру жолымен жүріп, Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатын қойды.

1994 жылы Жасарал Қуанышалин Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Конституциялық заңнама және адам құқықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болды. Сол кезде ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қайта қарауды, арнайы комиссия құруды талап етіп, Алматыда Желтоқсан қатысушыларымен бірге бірнеше апта бойы аштық жариялады. Нәтижесінде Желтоқсан оқиғасын тергеу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Алайда, 1995 жылы Конституциялық соттың шешімі негізінде Парламент таратылып, комиссияның жұмысы тоқтатылды.

Қуанышалин мемлекеттік қызметте де жұмыс істеді. 1998-2003 жылдары Ақтөбе облысының демография және көші-қон басқармасын, Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқарды. Бірақ сол кезде де, кейін де ол елдің жоғарғы басшылығын ашық сынға алды.

2003 жылы ол түбегейлі оппозицияға қосылды. 2004 жылы "Ақ жол" партиясында бөліну орын алған кезде ол "Нағыз Ақ жол" жағына шықты, оның құрамына Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар кірді. Сол кезеңде Қуанышалин "Апта.kz" газетінің редакторы болды. Кейінірек ол ұйымның кейбір басшыларының ұстанымымен келіспей, партиядан кетті.

2006 жылы саясаткер Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғушылық жасады деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылды және «Рақымшылық жасау туралы» заңы бойынша сот залында жазасын өтеуден босатылды.

Сол кезде оппозиционер 2005 жылдың күзіндегі президенттік сайлау алдында құрылған "Әділ Қазақстан" қозғалысына қосылды. Алматыдағы "Шаңырақ ісі" бойынша айыпталушыларды қорғауға тікелей қатысты.

Кейін ол тіркелмеген "Алға" партиясының негізгі өкілдерінің бірі болды. 2009 жылы өз қызметін "Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде жалғастырды.

Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның Тұңғыш Президенті деп мойындамайтынын, ал 1917 жылы Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхановты кеңестік қазақ қоғамының тұңғыш басшысы, Ұлт Көшбасшысы деп санайтынын мәлімдеді.

2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін Жасарал Қуанышалин "Жаңаөзен-2011" комиссиясын құрып, билік пен орындаушылардың іс-әрекеттеріне тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті.

2012 жылғы қаңтарда өткен парламенттік сайлау қарсаңында Жаңаөзен оқиғаларынан кейін бірден Жасарал Қуанышалин Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының Парламентке баруға моральдық құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

2014 жылдың ақпан айында Жасарал Қуанышалин адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғауға үлес қосқан азаматтарға ғана берілетін "Азаттық" оппозициялық сыйлығын алды.

Қуанышалин 2017 жылы шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын, сондай-ақ тіркелмеген "Алға"партиясын қолдады.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Президент қызметінен кетіп, билікті өзінің ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған кезде Қуанышалин саяси өзгерістердің ықтималдығына сенімсіздік білдірді.

Соңғы айларда Қуанышалин қайтыс болғанға дейін өзі құрған партияны тіркеуге қол жеткізуге тырысты, бірақ нәтиже болмады. Оппозициялық саясаткер 2023 жылдың 18 мамырында денсаулығының күрт нашарлауына байланысты ауруханаға түсіп, қайтыс болды.