Қазақстандағы ірі уран кеніші Мәскеу бақылауына өтті

Qaz365.kz редакциясы

Оның пікірінше, Қазақстанда Мәскеуге "жоқ" деп айтуға шамасы жететін саясаткер табылмаған

"Қазатомөнеркәсіп"

Қазақстандағы ірі уран кеніші "Росатом" бақылауына өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Онымен бірге Степногорск тау-химия комбинатын да Ресей жағы иеленген. Бұл жөнінде әлемдегі табиғи уран өндіретін ірі компаниялардың бірі қазақстандық "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының қаржы есебі жарияланғаннан кейін белгілі болды.

"Будёновское" бірлескен кәсіпорны Қазақстанның Түркістан облысында уран өндірумен айналысады. Бірнеше жылдан кейін компанияның шикізат өндіру көлемі жылына 6 мың тоннаға жетеді. Бұл актив ресейлік компанияға өткенін "Қазатомөнеркәсіп" 2022 жылғы қаржы есебінде атап көрсеткен: 450 беттен тұратын құжатта оған шағын сілтеме берілген.

Алматылық қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев ұлттық компанияның мұндай ұстанымы түсініксіз дейді.

"Мұндай нәрсені тіпті есептің өзінде жасырады деп күтпеген едім. Компания қоғамға ашық ұйым, есебінде ол мұны көрсетуі тиіс, бірақ ол жақта шағын сілтеме ғана беріп қойған екен. "Біз жабықпыз, ешкімге ештеңе айтпаймыз, егер біреу бірдеңе білсе де жақ ашпаймыз" деген ұстанымы түсініксіз", - деді Андрей Чеботарев.

Қазақстанда аталған уран бойынша келісім ың-шыңсыз өтіп кетсе, ресейлік ақпарат құралдары оны сенсация ретінде көрсетті: олардың жазуынша, әлемдегі ірі кеніштердің бірін бақылауға алу "Росатомды" ұзақ жыл қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді.

Қазақстанда уран активтері біртіндеп өзге елдерге өтіп жатыр. Ақпан айында Қазақстан үкіметі тағы үш уран кәсіпорнындағы ірі үлестерін ресейлік компанияларға беруді мақұлдаған. Олар да "Росатом" құрылымына кіреді. Алайда Қазақстан Үкіметі "алаңдауға негіз жоқ" дейді.

"Аталған компаниялар "Росатом" корпорациясы құрылымына кіргендіктен, "бұл келісімдер топаралық келісімдер санатына кіреді. Сәйкесінше, келісімдер бенефициарлар мен компаниялардың басқару саясатына өзгеріс әкелмейді", - делінген Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ондаған жыл бойы Ресей өзінің энергоресурстарын өзге елдерге ықпал етудің саяси құралы ретінде пайдаланып келеді.

"Ресейге уран активтерін берген Қазақстан Кремльге онан сайын тәуелді бола түсті", – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Оның пікірінше, Қазақстанда Мәскеуге "жоқ" деп айтуға шамасы жететін саясаткер табылмаған.

"Пайдасыз парламентарий ол жөнінде ләм-мим демеді, ақпарат құралдары тым әлжуаз әрі қыспақта өмір сүріп жатыр. Ресей Федерациясының Президентімен жеке сөйлескен кезде шешім қабылдауы тиіс болған әуелі бірінші, қазір екінші президент іс жүзінде "Росатомға" Қазақстандағы уран игеру нарығында басымдық етуге жағдай жасады", - деді Димаш Әлжанов.

Құнды активтерді Ресейдің қолына беруді Димаш Әлжанов егемендіктің бір бөлігінен айырылу деп есептейді.

“Экономика және саяси тұрғыда Кремльге тәуелділіктің артуы ақыр соңында Қазақстан үшін "катастрофа" болуы ықтимал, билікте шешім қабылдау еркіндігі де қалмауы мүмкін”, – дейді саясаттанушы.