Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қазақ тілін үйрену үшін ауылда тұруға 50-ге жуық бала өтінім берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
ШҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде алғаш рет қолға алынып отырған мемлекеттік тілді оқыту мақсатындағы «Қонақжай отбасы» жобасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр.
«Бүгінгі таңда жобаға қатысуға 47 баланың ата-анасы өтініш білдірген. Өтініштер Глубокое, Алтай аудандары, Риддер, Шемонаиха және Өскемен қалаларынан түсті. Жоспар бойынша оқушылар ауылдарға 10 маусымда келіп, 30 маусымға дейін болады», - делінген ақпаратта.
Ауылдарда арнайы штаб жұмыс істейді. Оның құрамына полицейлер, психологтар мен мұғалімдер кіреді.
Ал ата-аналар үшін WhatsApp желісінде топ құрылып, күніне екі рет есеп жіберіледі.
Айта кетейік, жобаға қатысуға ниет білдіргендер өтінішті 25 мамырға дейін жібере алады.
Берел, Өрел және Катонқарағай ауылдарындағы 32 отбасы балаларды қабылдауға дайын.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қала балалары ауылда бір отбасының үйінде 20 күн тұрып, қазақ тілін үйренетінін хабарлаған едік.