«Орамалдағы қыздардың бәрі бірдей әулие емес»: Баян Алагөзова хиджаб киген қыздарға қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

"Хиджаб кигің келе ме – ки, бірақ бізге де қалай киіну керегін үйретпеңіз"

Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/

Продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында орамалды қыздардың наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Ол өзінің орамал таққан фотосын желіге жүктеді. 

“Шыны керек, фильм түсірілімі кезінде мұндай киім маған ыңғайсыз болды. Басым, құлағым ауырды. Босаңсып, бар денеммен тыныс алғым келді. Маған еркін стиль, қысқа белдемше ыңғайлы. Қазіргі таңда хиджабтағы қыздар әлеуметтік желіде “құқығымыз аяқ асты болып жатыр” деп дабыл қағуда. Мен керісінше, ислам діні мен хиджаб кеңінен насихатталы бері, қарапайым қыздардың құқығы мен бостандығы шектеліп жүр деп айтар едім. Енді көпшілік қысқа белдемшені азғындық пен имансыздықтың символы деп қабылдайды. Мен өзара бітімге келіп, әр адамның таңдауына төзімділік пен сыйластық танытуды ұсыгамын. Мен тыйым салудың кез келген түріне қарсымын. Хиджаб кигің келе ме – ки, бірақ бізге де қалай киіну керегін үйретпеңіз. Сол сияқты қысқа шорты кигенді ұнататын жандар, ормалды қыздарға саусақ шошайтқанды қойыңдар. Бүгінде қоғам орамалды қолдайтындар және хиджабқа қарсы топ болып екіге бөлінді. Біз бір аспанның астында, бір Қазақстанда тұрамыз ғой. Таяқты екі ұшы бар дегендей, біз ненің нақты дұрыс-бұрысын білмейміз. Сондай-ақ біз діни нормалар емес, ең алдымен азаматтық құқықтар сақталатын зайырлы мемлекетте тұрып жатқанымызды еске салғым келеді. Бірақ бұл дінді қоғамдық өмірден алып тастау дегенді білдірмейді. Бұл зайырлылық пен дін әрқашан қатар жүретінін білдіреді. Мен қоғамымызды өзара сыйластық пен толеранттылыққа шақырамын”, – деп жазба жариялады Баян Алгөзова.

Бұл жазбадан кейін продюсерге оқырмандары әртүрлі пікір жазды. 

“Жақсы амалдар хиджабпен, орамалмен шектелмейді”, “Мен сізбен толықтай келісемін”, “Хиджабтағы қыздардың орамалсыз жүрген қыздарды сөз қылғанын көрмеппін”, “Ата-бабамыз хиджаб кимеген”, “Қысқа кигеннің бәрі азғын емес, ормалдағы қыздардың бәрі бірдей әулие емес”, “Ең бастысы қазақ әйелі жалаң бас жүрмеген, ұзын етек көйлек киген”, “Хиджабтағы қыздардың құқығын шектейтін мына сіз сияқты адамдар”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.