Атырауда кімдер қоғамдық көлікте тегін жүреді

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін «30 игі іс» аясында 36,5 млн теңге тұратын инватакси сыйға берілген еді

Ашық дереккөздерден

Атырауда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 20-дан астам ата-анамен кездесті.

Ата-аналар бірнеше әлеуметтік мәселені көтерді. Ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгіннен бастап мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

«Қазір қоғамдық көлікте тегін жүретін жолаушылардың санатына өзгерістер енгізілді. Енді мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге жүретін адамның тегін қатынауы үшін әкімдіктен қаржы бөлу мәселесі мәслихат отырысында қаралады. Бұл – күн тәртібіндегі басты проблема. Елімізде бірнеше жылдан бері әлеуметтік портал жұмыс істеп тұр. Сол портал арқылы аяқ-киімнің түрлері, өлшемі сынды параметрлерді таңдауға болады. Алайда, аяқ киімді заттай емес, оны сатып алуға қаржы беру облыстық әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Бұған қатысты тиісті министрліктерге ұсыныс жолданады. Ал, тұрғын үй заңға сәйкес кезек реттілігімен беріледі. Жергілікті әкімдік деңгейінде шешуге болатын мәселелер өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен оң шешімін табады», – деді Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуына қарағанда, әлеуметтік сала мамандары мүгедектік туралы мәселелер бойынша телеграмм чат ашады.

Оған отбасында мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналармен қоса барлық мемлекеттік органның басшылары тіркеледі.

Еске сала кетелік, бұған дейін «30 игі іс» аясында Атырау облысында мүгедектерге 36,5 млн теңге тұратын инватакси сыйға берілген еді.