Қазақстан Украина ұсынған кандидатты дипөкілдік басшысы етіп белгілеуден бас тартты – БАҚ

Qaz365.kz редакциясы

Қазақ тарапы Қазақстанға Украина жағынан кәсіби дипломаттың келуін өтінген

pravda.com.ua

Украинаның Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігі басшысы ретінде ресми Киев Сергей Гайдайды ұсынған. Алайда БАҚ мәліметінше, Қазақстан тарапы бұған келіспеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Украина ақпарат көзінің хабарлауынша, ресми Киев Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы болған Сергей Гайдайды Украинаның Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігі басшысы етіп тағайындалуын мақұлдауды өтінген. Алайда Қазақстан агреман беруге келіспеген. Бұл туралы УНИАН агенттігі Зеркало недели ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақпаратқа сәйкес, қазақ тарапы Қазақстанға Украина жағынан кәсіби дипломаттың келуін өтінген.

Еске сала кетсек, Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко таяуда Луганск облысының әскери әкімшілігі басшысы Сергей Гайдайдың Қазақстандағы Украина елшісі болып келу ықтималдығы жөнінде сұраққа жауап берген еді. Василенко Украина тарапына өз өкілін белгілеу үшін Қазақстан агреман (француз тілінен аударғанда келісім) беруі керектігін мәлім еткен. «Бұл стандартты процедура» деген еді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Бұған дейін Қазақстандағы Украина елшісі болған Петр Врублевский «көбірек орыстарды қыру керек» деген сөзінен кейін қызметінен кеткен болатын.

Осы жайт бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әлі ешқандай ақпарат бермеді.