Ауыр жүк көліктері жолды тоздырады
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалы мен Көліктік бақылау инспекциясы бірлесіп қала жолдарындағы ауыр жүк көліктерін тексеруге рейдке шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапа орталығының инженері Айдар Бейіспековтің айтуынша, қаланың тақтайдай тегіс жолдарын ұзақ қызмет еткізбей тоздыратын бірден бір себеп - шамадан тыс жүк артып алатын ауыр көліктер екен. Әсіресе, құрылыс материалдарын тасымалдайтын көліктер салмақты қадағаламайды дейді мамандар.
«Жолға зияны көп тиетін жүк көліктерін тексеру үшін көлік инспекциясымен бірлесіп арнайы іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Алайда заң бұзған, талапқа сай емес көлік жүргізушілерін анықтау үнемі мүмкін бола бермейді. Себебі жүргізушілер бір-біріне тексеру жайында хабар беріп үлгереді. Біздің ұлттық сапа орталығы қалаға кіретін үлкен тас жолдарда жүк көліктерінің санын анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Бір тәулікте қалаға 4000-ға жуық әр түрлі жүк көлігі кіреді. Біз тұрған Қапшағай-Алматы тас жолы арқылы күніне 1000-ға жуық ауыр жүк көлігі өтеді», – дейді Айдар Бейісбеков.
Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ауыр жүк көліктерін бақылаудың қиындығын айтады. Себебі қала ішінде жүк көліктерін тоқтатып тексеру, салмағын өлшеу мүмкін емес. Есесіне, құжаты дұрыс емес, жүкті шамадан тыс артып алған көлік иелеріне салынар айыппұл да аз емес. Бірақ жүк тасымалдаушылар түрлі әрекетпен тексеруден құтылып кетеді екен.
Жолдарды бүлдіреді деген жүк көліктеріне қатысты Парламент қабырғасында да айтыла бастады. Жол салу, жол құрылысына қатысты заңдарға өзгерістер енбек. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, жаңа өзгерістерден кейін жүк көліктерінің күре жолмен жүруіне шектеу қойылмақ.