Салықтың пайдасы емес, жастардың денсаулығы маңызды – Зайытов электронды темекіге тыйым салуға шақырды

Qaz365.kz редакциясы

Жастар арасында электронды шылым мен вейп кең тарап бара жатқаны алаңдатады

AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, онда электронды шылымның, вейптердің және есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің жастар мен жасөспірімдер арасында таралуы мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Жанар Қалмақова электронды шылым өнімдерінің құрамында адам ағзасына зиян келтіретін улы химиялық қоспалар мен хош иістендіргіштердің 16 мың түрі бар екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, елімізде темекі бұйымдарын 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, жастар мен жасөспірімдер арасында вейпке, электронды шылымға деген сұраныс күн санап артып барады. 300 мың отандасымыз тыныс алу органдарының аурулары бойынша есепте тұр. ДДСҰ-ның дерегіне сенсек, осы күні 33 мемлекетте вейп мүлдем сатылмайды. Біз де тездетіп осындай шара қабылдауымыз қажет», – деді Ж.Қалмақова.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан электронды шылымды, вейптерді жастарға сатуға, жасөспірімдер арасында таратуға қатысты қатаң заңнамалық шектеудің болмауы ұрпақ тағдырына балта шауып жатқанын атап өтті.

«Елімізде 7 мыңнан астам педагог-психолог, сонымен қатар 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог және тәрбие саласындағы 11 мыңнан астам педагог оқушылар арасындағы зиянды әдеттермен күресіп келеді. Сондықтан бүгін көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Тіпті, мінез-құлқы өзгерген, жат әдетке бой алдырған балалармен жұмыс істеу бойынша әдістеме де әзірленді. Қосымша білімді дамытуға да көп күш салып жатырмыз. Алайда, зиянды заттарды оқушыларға саудалауға заң жүзінде шектеу қойылмаса, бұл жұмыстан нәтиже шықпайды», – деді Е. Оспан.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай елордадағы мектептерде апта сайын қауіпсіздік сағаты мен ата-аналар жиыны өтетінін және бұл басқосуларда оқушылар арасындағы зиянды әдеттер мәселесі жиі қозғалатынын айтты.

«Жасыратыны жоқ, электронды темекі мен вейп ата-аналардың, ұстаздар қауымының бас ауруына айналды. Бұл – нағыз қасірет. Мұның зардабын біз әлі толық түсінбей жатқан секілдіміз. Сондықтан, осынау зиянды заттарды ел аумағында саудалауға тыйым салу қажет деген тоқтамға келіп, петиция жарияладық. Оған 19 мыңға жуық ата-ана қол қойды. Ел ертеңіне атүсті қарауға болмайды», – деді Б.Ахатай.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайытовтың айтуынша, халыққа салық түсімінен бұрын жас ұрпақтың денсаулығы маңызды.

«Ең алдымен, ертеңгі ел жастарының денсаулығын ойлауымыз керек. Салыққа пайдасы бар екен деп жасөспірімдердің денсаулығына зиянды заттарды саудалай беруге болмайды. Өскелең ұрпақтың ағзасына кесірін келтіретін улы заттарды таратуға құқығымыз жоқ. Баянды болашақ үшін таңдау жасайық. Электронды темекі мен вейптен бас тарту – ертеңгі күнге жауапкершілікпен қарау деген сөз», – деді Р.Зайытов.

Кеңес мүшелері жастар арасында есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қажығали Имажанов баяндама жасап, есірткі өндірісімен және оның саудасымен айналысатын адамдарға қарсы жүргізілетін күрес үнемі жетілдіріліп отыратынын жеткізді.

«Есірткі бизнесі жыл санап кең өріс алып барады. Қылмыскерлер кез келген жаңа тыйымдар мен шектеулерге бейімделуді үйренді. Тіпті, кейінгі жылдары елімізде синтетикалық есірткі өндірісінің саны арта түсті. Ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірге жыл басынан бері есірткі әзірленетін 40-қа жуық жасырын зертхананың көзін жойдық. Соның нәтижесінде, 80 тонна прекурсор тәркіленді. Ол дегеніңіз – 12 тонна мефедрон (синтетикалық есірткі)», – деді Қ. Имажанов.

Аталған мәселені шешу үшін құқық қорғау органдары ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен бірге тиісті заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта ол ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

«Өскелең ұрпақ – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Бүгін жастар мен жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтіретін заттардың алдын алу жолдарын қарастырып, бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Кеңес мүшелері орамды ойын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Көтерілген барлық мәселені алдағы уақытта да бақылауда ұстаймыз. Себебі, болашаққа бей-жай қарауға болмайды», – деп түйіндеді Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы.