Алапат өрттен үрейі ұшқан 277 тұрғын баспанасын тастап, туған-туысын паналап жүр
Абай облысындағы Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланды. Себебі: Ресейдің Алтай өлкесінен тұтанған орман өрті күн сайын күш алып барады. Қазірдің өзінде тілсіз жау үш жарым мың гектарды күлге айналдырған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Қызыл жалынды сөндіруге желдің екпіні мен сулы-батпақ жерлер кедергі келтіруде. Соның салдарынан жалын қос бірдей елдімекен іргесіне жеткен. Абай облысындағы орман өрті үш күннен бері ауыздықталар емес. Жалын шарпыған аумақтағы тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі: өрт Березовка ауылы мен шипажайға жетіп қалды.
“Ауыл халқы көшірілді. Апаттан сақтап алып қалу үшін кеше түнде шипажайдан түгел көшірді. Бізге таңертеннен бері көмектесіндер деді. Көмектесіп, тамақ істеп жатырмыз”, – деді Ивановка ауылының тұрғыны Гүлбаршын Ахметова.
Алапат өрттен үрейі ұшқан 277 тұрғын баспанасын тастап, туған-туысын паналап жүр. Елдімекендегі бүкіл төрт түлік қауіпсіз жерге шығарылды. Ал үйлерді, дүние мүлікті күзетуге 20 полиция қызметкері жұмылдырылған.
“Өртке байланысты оқиға орнында Бородулиха ауданы полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Тонауға жол бермеу үшін көшірілген пункттерді қоршау және патруль ұйымдастырылды” – деді Бородулиха ауданы ПБ бөлім бастығының орынбасары Ермек Тұрарханов.
Бүгін Үкімет отырысында өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Әкімнің айтуынша өртті ауыздықтауға желдің екпіні мен батпақты жерлерге техниканың жете алмауы себеп. Сондықтан тікұшақтар тартылып, жалын шарпыған аумаққа көктен су шашып жатыр.
“Елдімекендерге қауіп жоқ. Дегенмен сақтық мақсатында 277 адам туыстарының үйіне көшірілді. Бородулиха ауылында 331 адамға шұғыл эвакуацияға пункт дайындалды. Орман өртін сөндіру жалғасып жатыр және бақылануда”, – деді Абай облысының әкіміНұрлан Ұранхаев.
Өрт үш күнде қарағайлы орманның үш жарым мың гектарын күлге айналдырды. Әзірге аң-құстың қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Қазір оқиға орнында 201 техника, 8 тікұшақ, бір өрт сөндіру пойызы және 852 адам жұмыс істеп жатыр.