Жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы Президент резиденциясы туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер әкімнен Президент резиденциясының тағдырын сұрады. Әкім қазірдің өзінде Мемлекет басшысының резиденциясы білім басқармасы балансына берілгенін, онда балалар үшін жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашу жоспарланып отырғанын айтты.
"Осы пионер лагерін қамтуға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлдік. Қызметкерлер болады, жақын арада жөндеу жұмыстары басталады, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Жоспарымыз мынадай: 50 адамға арналған жыл бойы істейтін пионер лагері. Ғимарат бар, оқу сыныптарын қайта жабдықтаймыз, қосымша жиһаз аламыз. Қаржыландыру, азық-түлік, еңбекақы мәселелері шешілді. Ұсақ құрылыс жұмыстарын бітірсек, жазда 15 күн, қыста бір айға дейін ұзартамыз. Оқытамыз, ол жерде инклюзив білім беру үшін кейбір сыныптарды арнайы жабдықтаймыз", - деп жауап берді Нұржігітов.