Өртті оқшаулаудың жалпы ауданы шамамен 3500 га құрады
Әуе және жерүсті техникасын қолдана отырып, шұғыл қабылданған шаралардың, сондай-ак өртке қарсы бөлімшелердің тәулік бойғы жұмысының нәтижесінде Абай облысындағы табиғи өртті 25 мамыр күні кешке оқшауланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес жергілікті аймақта тұрақты аэровизуалды тексеру жалғасуда.
«Өрт орнын түрлі құралдарды қолдана отырып, қарауылдау ұйымдастырылған. Орман өртін сөндіруге жеке құрамның 800-ден астам адамы, 200-ден астам техника, 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Сондай-ақ 10 тікұшақ - ТЖМ-нен - 5, Қорғаныс министрлігінен - 3, Экология министрлігінен -2 тікұшақ тартылды. Барлығы 357 892,5 тонна су төгілді», - деп жазды министрліктен.
Өртті оқшаулаудың жалпы ауданы шамамен 3500 га құрады.
Секундына 6-10 метр екпінді желдің салдарынан, өртті сөндіру жұмыстары қиындады. Сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлер де өрттің өршуіне әсер етуде.
Қазіргі уақытта жағдай бақылауда, техника мен жеке құрам жануды жою үшін жедел ден қоюды жалғастыруға дайын.