«Атырау – Алматы» пойызында жас келіншек босанды

Qaz365.kz редакциясы

Сәби сағат 21:52-де дүниеге келді

Ашық дереккөздерден

№29/30 бағытындағы «Атырау – Алматы» жолаушылар пойызының бригада қызметкерлері жолаушыға босану кезінде көмек көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Атыраудан Шымкентке бағыт алған жас ананы жолда толғақ қысқан. Жолсеріктер Жанар Тасмағамбетова, Айғаным Сұлтанмұратова және Ғалия Қайырденова пойыз вагонында жүкті әйелдің аман-есен босануына барлық жағдайды жасады.

«Нұсқаулыққа сәйкес, жолсеріктер күтпеген жағдай орын алғанда, пойыз машинисіне хабар беріп, жақын маңдағы станцияға “жедел жәрдем” көлігін шақырды», – делінген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Пойыз Қазалы станциясына келіп тоқтағанда, сәбиді анасымен бірге “жедел жәрдем” қызметкерлері қарсы алды.