«СДУ түлегімін»:  Университет Netflix сериалына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Сценарий жазған адам Қазақстанды терең зерттеген

коллаж Qaz365.kz

Голливуд жұлдызы, Калифорния штатының бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер «Фубар» сериалында басты рөлін сомдады. Туындыда Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің аты аталған. Осыған қатысты Qaz365.kz тілшісі аталған жоғары оқу орнының Білімгерлер орталығының директоры Омарбек Көшкімбайұлының пікірін білген еді.

«Соңғы бір-екі күнде Netflix-тегі «Арнольд Шварценеггер түскен «Фубар» сериалы қоғамда қызу талқыланып жатқанынан хабардармыз. Әрине, Голливуд жұлдыздары түскен сериалда Қазақстанның,  оның ішінде Сүлеймен Демирел университетінің аталуы – біз үшін мәртебе.  Студенттер орталығының басшысы ретінде мен де қуанып қалдым.  Әсіресе, Арнольд Шварценеггер секілді актердің біздің университетімізді тілге тиек етуі мақтаныш сыйлайды. Меніңше, Сүлеймен Демирел университетінің аталуына студенттеріміздің әлемнің беделді компанияларда жұмыс істеуі себеп болды деп ойлаймын», - дейді Омарбек Көшкімбайұлы.

Ол осы ретте Netflix-те де аталған университеттің түлектері болуы мүмкін деп санайды. 

«Екіншіден, ағылшын тілінде білім бергендіктен, оларға да әсері болған шығар. Сосын сценарий жазған адам Қазақстанды терең зерттеген немесе біздің түлектермен қатысы болуы мүмкін», - дейді Білімгерлер орталығының директоры.

Айта кетейік, сериалда Анна Фетисова атты Қазақстан азаматының Сүлеймен Демирел атындағы университетте заңгер мамандығы бойынша оқығаны айтылады.