Путиннің ЕАЭО саммитінде Тоқаевқа берген хатында не жазылған

Qaz365.kz редакциясы

Президенттің баспасөз хатшысы түсініктеме берді

Ақорда

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мәскеуде өткен ЕАЭО саммиті кезінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған хаттың мазмұнын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Ол хатта ЕАЭО елдері басшыларының тар құрамдағы кездесуі барысында қойылған сұраққа ресейлік тараптың жауабы қамтылған. Бұл қазақстандық жүк жөнелтуші компаниялардың ішкі тариф бойынша Ресей темір жолымен тасымалдауға қолжетімділігі туралы болды. Ресей Үкіметі Қазақстан аумағында межелі пункті бар тауарлар жеңілдік тарифті пайдалана алады, ал Ресей аумағы бойынша транзитпен жүретін тауарларға экспорттық тарифтер қолданылуы тиіс деп есептейді. Президент біздің Үкіметке 2015 жылғы ЕАЭО құру туралы шарт қағидаттары негізінде осы мәселе бойынша Ресей тарапымен келіссөздерді жалғастыру туралы тапсырма берді", - деді Руслан Желдібай Tengrinews.kz тілшісіне.

Бұған дейін БАҚ-та Мәскеуде өткен ЕАЭО саммиті кезінде Владимир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаевқа Садыр Жапаров арқылы хат тапсырғаны түсірілген видео тараған болатын. Кадрда Қазақстан басшысының хатты оқып, Ресей президентіне басын изеп, жазбаны қалтасына салғанын көруге болады.