Елімізде педофилдерге кастрация жасау тәртібін өзгерту ұсынылды

Qaz365.kz редакциясы
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда педофилдерді химиялық кастрация арқылы мәжбүрлеп емдеу тәртібін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Түзетулер "қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделген.

Химиялық кастрацияны түрмеден босатылғанда жасау ұсынылды, өйткені жазасын өтеу барысында арнайы мекемелерде ол ешкімге қауіп төндірмейді.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Ербаев кастрацияны қолдану тетігі өзгермегенін айтады.

"Химиялық кастрация – бұл антиандрогенді (ерлер гормонын басатын) препараттар. Сотталушының жазасын өтеу мерзімі аяқталуға алты ай қалғанда, мекеме әкімшілігі оның балаларға жыныстық тартымдылығы бар-жоғын анықтау үшін сотқа сот-психиатриялық сараптама тағайындау туралы өтініш жасайды. Егер сараптама оны анықтаса, онда химиялық кастрация сотталушының тұрғылықты жері бойынша тағайындалады", – деді Ербаев.