Депутаттар студенттердің стипендиясын көтеруді сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқан көрінеді

inbusiness.kz

“Ауыл” партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалда ауыл шаруашылығы мамандығында оқитын студенттер мен магистранттардың стипендиясын көтеруді сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дептутаттар ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы – осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен магистранттардың стипедиясын көтеру деп есептейді.

Осы мәселе төңірегінде таяуда «Ауыл» партиясы фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдады, хатқа екі жүзге жуық адам қол қойған.

Аталған оқу орнында алты мыңнан астам студент білім алады, олардың басым бөлігі – ауыл жастары. Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған.

“Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы  58 800 теңгені құрайды. Басқалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 процентке төмен, яғни 36 660 теңге алады. Айырмашылық 22 140 теңге.

Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес, бірақ ауылдан шыққан студент үшін бұның өзі кешенді көмек, бір жыртығын жамауға жақсы жәрдем болар еді.  Себебі бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды, олардың ата-анасыныңда жалақысы жоғары емес екені айтпаса да түсінікті”, – делінген сауалда.

Сондай-ақ биыл республика бойынша «Ауыл шаруашылық және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыты бойынша бөлінген 2400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмаған.

Жыл сайын бұл салада маман тапшылығы артып келеді.

Жалпы айтқанда елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша төрт мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе ветеринар, механизатор, веттехник, кәсіби техниканың тілін білетін маман табу қиын.

“Еске салсақ, 2021 жылы Президенттің тапсырмасымен педагогика және медицина мамандықтарында оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылданған. Бұл қадам жақсы нәтижесін берді.

Құрметті Алтай Сейдірұлы, осы орайда ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз”, – делінген депутаттық сауалда.