Назарбаевты балағаттағаны үшін қылмыстық жазаның күші жойылуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Парламент Мәжілісі осындай заң жобасын қарап жатыр
 

Zuma \ TASS

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты көпшілік алдында қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында енгізіледі. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болған. Қылмыстық кодекстен 373 және 374-баптарды алып тастау жоспарланып отыр.

«Активтерді қайтару туралы заңға қатысты заң жобасына осындай түзетулер бар. Бірақ бұл Елбасы мен оның өкілеттіктерін айтпау туралы Конституцияда қабылданған түзетулер аясында ғана. Оның Қылмыстық Кодексте күші жоқ, енді бұл баптар қажет емес, оған қажеттілік жоқ. Өйткені Елбасының ондай мәртебесі жоқ. Сондықтан қылмыстық жауапкершілік те болмайды», –  деді депутат Снежанна Имашева.

Аталған екі бапта Тұңғыш президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ оның суретін бүлдіру, оның заңды қызметіне кедергі жасау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл баптар бойынша 5 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын.