Шымкентте екі жасөспірім су жұтып қойған бүлдіршінді аман алып қалды

Qaz365.kz редакциясы

Олар бір топ баламен суға түсуге барған

Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметі

Шымкентте екі жасөспірім 6 жасар бүлдіршінді құтқарып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шымкент ТЖД мәліметінше, оқиға Шымкент қаласындағы Игілік тұрғын алабының аумағынан ағып өтетін Бадам өзені бойында 2023 жылғы 10 мамырда орын алған.

Бір топ баламен бірге суға түсуге келген Ердәулет пен Рамазан кішкентай баланың өзенге батып кеткенін естіген. Алғашында екеуі болған жайтқа сенбегенімен, оқиға орнына барған. Баланың денесі су бетінде қалқып бара жатқанын көрген балалар жансыз денені жағаға алып шыққан.

Баланың іші ісіп, көгеріп кеткенін байқаған Рамазан Амангелдиев тез арада реанимациялық әрекетке көшеді.

Досының шаршағанын көрген Ердәулет Шыңғысхан реанимациялау әрекетін жалғастырды. Үздіксіз қарқынды шаралар нәтижесін берді. Тұншығып қалған баланың аузынан су шығып, ол бірте-бірте тыныс ала бастаған.

Өзіне келген бала не болып жатқанын түсінбей, жылай жөнелген. Мұны көрген балалардың қуанышында шек болмапты.

Осылайша дер кезінде көмекке келіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен екі жасөспірімнің арқасында кішкентай бала аман қалды.