«Уәдеге тойдық»: Ақтау тұрғындары асарлатып жол салуға кірісті

Qaz365.kz редакциясы

Атқамінерлер аталған шағынауданда ауызсу құбыры жүргізіліп жатқанын айтады

Ашық дереккөздерден

Ақтау тұрғындары асарлатып жол салуға кірісті. Атқамінерлердің асфальт төсеп береміз деген уәдесі төрт-бес жылдан бері орындалмаған. Шыдамы таусылған халық жүретін жолды өздері тегістеп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Тұрғындар 500 теңгеден жинап, осы жердегі жолға трактор жалдап, жолды жөндеп жатырмыз. Себебі көлігіміз жүре алмайды. Көлік түгілі, адам жүре алмайды. Тротуар жоқ.  Тегістеп жатырмыз. Оған ақшамыз жетпейді ғой. «Сарайшық» үйді салған кезде бір жылдан кейін жолды салып береміз деді. Енді, мінекей, анда сілтейді, мында сілтейді. Еш нәтиже жоқ», - дейді  Роза Ыбрайымова.

 «Сарайшық» тұрғын үй кешенінің тұрғындары көк шаңға көміліп отырғанымызға көп болды дейді. Пәтер сатып аларда әкімдік пен мердігер компания бұл ауданға инфрақұрылым толық жүргізіледі деп уәде берген. Бірақ одан бері төрт жыл өтсе де, жол жасалмапты. Жаңбыр жауса, жаяу адам тұрмақ, көліктің өзі балшыққа батып қалады дейді тұрғындар. Сондықтан халық ақша жинап, көшені өздері тегістеп жатыр. Ал асфальтқа ақша жоқ. Сол себепті тас жолды әкімдік төсеп берсе дейді. Атқамінерлер аталған шағынауданда ауызсу құбыры жүргізіліп жатқанын айтады. Асфальтты жер қазу жұмысы аяқталған соң төсейміз деп уәде берді.

 «Кәріз жүйесі, сумен қамту, барлығы бірінші жасалатын жұмыс. Сол жұмыс біткеннен кейін, жолды тегістегеннен кейін, содан кейін асфальт жасалады. Әрине, оның қазір асфальтын салып, одан кейін тағы оны қазып, астына құбыр жүргізсек – дұрыс емес», - дейді Ақтау құрылыс бөлімінің басшысы Әнуар Түлеков.