Алматы облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді

Qaz365.kz редакциясы

Талғар қаласындағы қос тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне бар-жоғы 3 жыл болған

Almaty.tv

Алматы облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Алматы арнасына сілтеме жасап.

Сырты бүтін, іші түтін. Талғар қаласындағы қос тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне бар-жоғы 3 жыл болған. Тұрғындардың айтуынша, құрылысты жүргізген мердігер мекеменің жұмысынан олқылық кеткен. Нәтижесінде жертөленің іші дымқыл тартып, төбесі опырыла бастапты. Дүйім жұрт «ұзақ жылға несиеге алған баспана адал еңбегімізді ақтамайды» деп мұң шақты.

«Су жертөлеге аққан ғой. Біздің залдағы жылу құбыры жарылып кеткен. Он үш жылға ипотека төлейміз. Бесінші қабатта көршімізде сондай жағдай болған екен», – деді Талғар қаласының тұрғыны Сая Ерлібекқызы.

Арызын арқалағандар қатарында мемлекеттік баспананы жалдау құқығымен алған әлеуметтік осал топқа жататындар да бар. Олар мұнда 3 жылдан бері тұрып келеді. Ал құрылысты жүргізген мердігер мекеменің кепілдік уақыты аяқталған. Содан бері тұрғындар үйдің кем-кетігін өздері жамап әлек.

«Кепілдік уақыты өткеннен кейін қандай да бір олқылықты әкімдік өз қаражатымызға жасайтынымызды айтты. Шамамыз жеткенше жасап жатырмыз. Бірақ одан ештеме өніп жатқан жоқ. Не себеп? Өйткені, қаражатымыз жетіспейді», – деді Талғар қаласының тұрғыны Жанар Мәдиева.

Тұрғын үйдің іргетасы көтеріліп, қасбеті құлауға шақ тұр. Ал мүгедек жандар үшін мұнда арбамен қозғалу қиын. «Дұрыс жасалмаған кәріз және су құбыры, шұрық тесік шатыр жағдайымызды қиындатып тұр» дейді жергілікті халық.

«Сынған тұсын сыммен байлап қойды, көп уақытқа жарамайды. Жөндеу жұмысы дұрыс істелмеген. Үгітіліп, түсіп жатқан жерлері бар. Қырық жыл бұрын салынған  үй сияқты», – деді Талғар қаласының тұрғыны Жанар Мәдиева.

Мәселеден Талғар аудандық әкімдігі хабардар. Олар мердігер мекеменің кепіл уақыты өтсе де, барлық мәселені шешуге дайын екенін жеткізді.

«Тұрғындармен бірге  акт жасалып, мердігер компания өз қаражаты есебінен қалпына келтіру жұмысын жасап жатыр. Биыл шатырынан су кеткен болатын, жөндеді. Ал жертөледегі суды кептіріп, қайтадан жасады, тротуарлары бар», – деді Талғар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Сәбит Тұрсынов.

Бұдан бөлек, халық мұнда бейнебақылау камераларын орнатып беруді сұрады. Ол мәселені де шенділер шешуге уәде етті.