Басшымыз құрылыстан бөлек, мал баққызып, қора тазалатып қояды дейді жиналғандар
Тараздағы «Жамбыл жылу» кәсіпорнының қызметкерлері басшыларына қарсы шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Кәсіпорын директоры бізді жеке шаруасына жұмсап, құл сияқты көреді» - дейді олар.
Сөздеріне сенсек, қора тазалу, мал бағу, құрылыс жүргізу сынды жұмыстардың бәріне жегеді екен. Одан бас тартақандар қудалауға ұшыраған,
Шыдамы шегіне жеткен қызметкерлер бүгін компания директорына қарсы шықты. Ал басшының өзі басқа жұмысты қоса атқарудан еш сөкеттік көріп отырған жоқ. Тек құбыр жөндейтіндер бір күнде әмбебап маманға айналған. Басшымыз құрылыстан бөлек, мал баққызып, қора тазалатып қояды дейді жиналғандар. Тараздағы жылыту мекемесенің қызметкерлері Қостанайда осындай азап көрген.
Тұрар Рысқұлов ауданына іссапармен кеткендер бөтен қаладан бір-ақ шыққан. «Әрі істеген жұмысымыз мұндағыларға ұнамай, Тараздағы басшымызға шағым түсірді» - дейді. Ол бірден жұмыстан қууға пәрмен берген.
«Құрылтайшы, жасырмай айтайын, Арман Захарапович деген кісі. Қазір бізде Жамбыл облысы мәслихатының депутаты. Сол кісіге Қостанайдағы Аман деген басқарушы тізімді жіберген, бес адамның. «Қайтамыз» деген жігіттердің бәрін жұмыстан шығар деп», - дейді «Жамбыл жылу» кәсіпорнының бөлім басшысы Жаңабек Мәжитов.
Ызалы топ бар шындықты жайып салды. Сөздерінше, биыл қаланың тең жарымы жылусыз қалуы мүмкін. Себебі маусымға дайындық жұмысы тоқтап тұр. Әрі қатты аязда апат болуы ықтимал екенін айтады. Өйткені мазут пен ыстық су сақталатын цистерналар әбден тозығы жеткен. Басшылық соны қағаз жүзінде ауыстырып, баяғы қалпында қалдырды дейді.
«Апатты бак істен шыққан күні үш ықшамаудан жылусыз қалады. Баяғы Екібастұзда болған жағдай бізде орын ала ма деп қорқып отырмыз. Магистральды жылу желілер дейміз, олар да ауыстырылған жоқ», - деді «Жамбыл жылу» мекемесінің қызметкері Жанбота Қартамбаев.
Кәсіпорын директоры дәл осы жағдай бойынша нақты жауап бере алмады. «75 қазандықтағы цистерналардың жай-күйін жатқа білу мүмкін емес» деп құтылды. Ал қызметкерлерді басқа жұмысқа жегудің еш сөкеттігі жоқ деп отыр.
«Біз сенімгерлік басқарушы болған соң, қандай жұмыс береді, соны атқарамыз, соған тиісті ақшасын аламыз. Мысалы, жазда елге айлық беруіміз керек», - деді «Жамбыл жылу» кәсіпорнының директоры Мүсілім Қасымов.
Ал «Жұмысшылар Қостанайда қандай жұмыс атқарды?» деген сауалға кәсіпорын басшысы: «Құрылыс жұмысы болды, егін егу, ауыл шаруашылығы жұмыстары, заңға қайшы емес», - деп жауап берді.
Наразы топ бүгінгі шудан кейін де қудалауға ұшырауымыз мүмкін дейді. Сондықтан құзырлы орган бұл істі бақылауға алсын деп талап қояды. 600-ге жуық жұмысшысы бар «Жамбыл жылу» мекемесінің қайта мемлекет меншігіне өтуін қалайды. Тек сонда ғана жалақы өсіп, жағдайымыз жақсара ма деп үміттенеді