Самат Нұртаза ресейлік депутаттың арандатушылық мәлімдесіне жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстандық төлқұжаты бар адамдардың барлығы заң алдында тең

Видеодан кадр

31 мамырда Ресей мемлекеттік думасының депутаты әрі «Справедливая Россия» фракциясының жетекшісі Сергей Миронов  Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан азаматтарының әскери операцияға қатысуына тыйым салынғанына қарсы шыққан еді. Бұған Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.


«Сергей Мироновтың біздің азаматтардың арнайы әскери операцияға қатысуы туралы мәлімдемесін көрдім. Осыған байланысты Миронов мырзаға айтарым, біздің заңнамаға сәйкес, ел азаматтары үшінші елдің аумағында соғыс қимылдарына қатысуға құқығы жоқ екенін еске салғым келеді», - деді Самат Нұртаза.

Ол - бұл біздің қағида, бұл біздің заңға сай әрекетіміз деп айтты. Оны бұзған Қазақстан азаматы заң шеңберінде қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

«Сондай-ақ ресейлік депутатқа бұл заң сонау 2012-2013 жылдары қабылданғанын айтып, қатесін түзеткім келеді. Ал дос елдер біздің ішкі заңдарымызды құрметтеу керек деп есептеймін. Сонымен қатар, біз өз азаматтарымызды ұлттық, этникалық немесе конфессиялық белгілеріне қарай бөлмейтінімізді ресми түрде айтқым келеді. Қазақстандық төлқұжаты бар адамдардың барлығы заң алдында тең»,-  деді депутат.

Миронов бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысқандарды қылмыстық жауапқа тартуды «абсурд» деген еді.

«Егер бұл елдің орыс азаматтары өзінің тарихи отанына көмектескісі келіп, арнайы әскери операцияға барам десе, түрмеге қамайды. Бұл – абсурд! Біз мұны мемлекеттік деңгейде шешуді ұсынамыз», - деген болатын.