Мемлекеттік Туды «Батыр» Президенттік полкінің әскерилері көтерді
Алматыда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Медеу» биік таулы спорт кешенінде Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Мемлекеттік туды «Батыр» Президенттік полкінің әскерилері көтеру сәтінде қаланың барлық аумағында, яғни, сағат 11.00-де Әнұран шырқалды. Алматы тұрғындары саябақтарда, скверлерде, мектептерде және басқа да қоғамдық орындарда еліміздің Әнұранын орындады.
Салтанатты шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары, қала халқы мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Бүгінгі мереке - ерекше мереке. Себебі, бұл бәрімізге патриоттық сезім сыйлайды. Ол сондай-ақ жас пен кәріні, отанын сүйетін әрбір азаматты бірліктіретін мереке. Бүгінгі шараға тек жастар емес, жасы үлкен кісілер де қатысуда. Жалпы бұл шараға әр саладағы жастар, оның ішінде волонтерлер, белсенді жастар, студенттер, спортшылар, IT мамандары, жиыны мыңнан астам жастар қатысуда. Бүгінгі мерекеге орай бәріміздің басымыз қосылды», - деді Алматы қаласы волонтерлер фронт офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаева.
Құрметті теміржолшы, дербес зейнеткер Орынбек Шүйіншіәлиев бүгін көк туымыздың биікке көтерілгенін көріп, қатты қуанғанын айтты.
«Ерекше қуаныш әрі мақтаныш сезімін кештім. Бұл іс-шараға жастардың, студенттердің, оқушылардың қатысқаны өте дұрыс. Бүгінгі салтанатты жиынға қатысып отырған жастарды мен ертең өмірде өз жолын тапқан, еліміздің айтулы азаматтары болады деп сенемін. Ал біз оларға білмегенін үйретіп, ақыл-кеңес беруге әрқашан дайынбыз», - деді ол.
«Мен өз халқымды, оның рәміздерін жақсы көремін. Бүгін біздің волонтерлер өз елінің патриоты ретінде іс-шараға қатысты. Шараға 130 волонтер қатысты. Бұл мерекені тойлаудың мақсаты азаматтарды, жастарды отансүйгіштікке баулу деп ойлаймын. Оны мен құптаймын, себебі, жастарымыз өз елі үшін үлкен табыстарға жетіп, халықаралық деңгейде еліміздің мерейін үстем ету үшін оларда патриоттық сезімі болғаны дұрыс», - деді Қазақстан волонтерлар лигасы қоғамдық қорының Алматы қаласы бойынша үйлестірушісі Лариса Андреевна.
Еске салайық, Алматыда Мемлекеттік рәміздер күні Шевченко көшесі бойымен М.Ганди атындағы саябақтан Қонаев көшесіне дейін веложарыс өтеді. Оған әркім қатыса алады. Мәреге жеткен кезде ҚР Әнұранын жаппай орындау ұйымдастырылады.
Кешке сағат 19:30-да Абай алаңында отандық эстрада жұлдыздары, атап айтқанда, Жұбаныш Жексенұлы, Дильназ Ахмадиева, Нұржан Керменбаев, Газизхан Шекербеков, Мархаба Сәби, Арай Tribute, «Made in KZ» тобы, Сырымтай Еңсепов және Қазбек Құрайыш қатысатын мерекелік концерт өтеді.
Концерттен соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония хорының жастар құрамы ҚР Мемлекеттік Әнұранын орындайды.