Шетелдік есептегі көліктер қашан, қалай заңдастырылады

Qaz365.kz редакциясы

Қай уақыттан кейін ел аума­­ғына кіргізілген көліктер заңдас­тырылмайды –  Әкімшілік полияция комитетінің қаулысы шықты

news.myseldon.com

Мемлекет шетелдік есептегі көліктерді заңдастыратын болды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Егемен Қазақстанға сілтеме жасап.

Әкімшілік полиция комитеті дайындаған қаулыға сәйкес, криминалдық, оң жақ рөлді, экокласы төмен автокөліктер бұл жеңілдікке ілінбейді. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген шетелдік автокөліктерді есепке қоюға қатысты өтінімдер мамандандырылған ХҚО-ларда және “Электронды үкімет” порталында қабылданады.

Көлікті заңдастыру үшін иесі мына­дай құжаттарды тапсыруға тиіс құжаттар тізімі төмендегідей:

“Форма бойынша өтініш; өтінім беру­шінің жеке басын куәлан­дыратын құжат; транспорт құралы­ның паспорты немесе транспорт құралын тіркеу туралы куәлік; транспорт құралына меншік құқығын растайтын құжат” – делінген Әкімшілік полиция комитеті қаулысында .

Тиісті құжаттар қабылдан­ғаннан кейін көлік тексеруге жібері­леді, тек­серіс нәтижесі арнайы база­ға тір­келеді. Көлікті заңдас­тыру тура­лы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарас­тырылады. Шешім шыға­ры­лып, өтінімді қабылдайды немесе заңдас­тырудан бас тартады. Көлік иесін хабардар ету үшін оның телефо­нына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Ха­бар­лама мәтінінде қабылданған ше­шім, транспорт құралының бірегей нөмірі, моделі мен маркасы көрсетіледі.

Егер көлік иесі көрсетілген құжат тізбесін толық ұсынбаған жағдай­да; ұсынылған құжаттардан түзету белгілері байқалған болса; құжаттар Қазақстан Респуб­ликасының сондай құжат туралы заңнама талаптарына сай келмесе; транспорт құралы өзге мемлекеттің құзырлы органын­дағы бұрынғы тұрғылықты жері бо­йынша тіркеуден шешілмесе, онда өтінім қанағаттандырылмайды. Мұн­дай жағдайда көлік иесі келесі өті­­німді қайтадан 2023 жылдың 1 шіл­­десіне дейін бере алады. 2022 жыл­­дың 1 қыркүйегінен кейін ел аума­­ғына кіргізілген көліктер заңдас­тырыл­майды. Ішкі істер органдары қай көліктің Қазақстанға қашан әкелінгенін шекара қызметі мен сақ­тандыру ұйымдарының деректер базасы арқылы анықтайды.

Көлікті заңдастыруға қатысты оң шешім алғаннан кейін, ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен, Грузиядан әкелінген көлікті кеден рәсімінен өткізуге тура келеді. Заңдастыруға жататын көлік үшін бастапқы тіркеу құны – 200 000 теңге. Заңдастырылған автокөлік иелері утиль алымнан босатылады.

Қырғыз Республикасының заң­намасына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлей отырып, кедендік ресімдеуден өткен автомобильдерді бас­тапқы тіркеу олар­ды иеліктен шы­ғару (сату) құқы­ғын 2025 жылғы 1 қаң­тар­ға де­йін шектей отырып жүзеге асы­ры­лады. Аталған мерзім­нен кейін олар Еуразиялық эконо­микалық одақ­тың тауары деп танылып, оларға қойыл­ған шектеу алынып тасталады. Қыр­ғыз автомобильдерінің кедендік айыр­ма­шылығы төленген жағдайда оларды бастапқы тіркеу иеліктен шығару құқығын шектемей жүзеге асырылады.

Армениядан әкелінген көлік­терді де тіркеу оларды қайта сату құқығын шектемей реттелмек. Өйткені 2023 жылдың 1 қаңтарынан кейін олар да ЕАЭО тауары деп есептеледі. Бұл қазіргі уақытта сары нөмір тағып жүрген көліктерге де қатысты.

Егер транспорт құралының паспорты немесе транспорт құралын тіркеу туралы куәлік болмаса, ал транспорт құралы бұрын жол қозғалысына не болмаса ЕАЭО аумағында пайдалануға жіберілмесе және іздеуде болмаса, онда субъектіні мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері тексе­реді. Осы уақытқа дейін не кедендік баж салығын, не өзге де жарналарды төлеместен ел аумағына заңсыз жолмен әкелінген автокөліктерді тіркеуге болады. Ол үшін барлық тиісті сома төленуге тиіс.

Бұл қаулы желтоқсанның ортасына дейін талқыланады. Демек, ресми қаулы жаңа жыл қарсаңында жарияға жолдануы әбден мүмкін. Еске сала­йық, қаулыға сәйкес шетелдік көлік­терді тіркеу 2023 жылдың 1 қаң­тары мен 1 шілдесі аралығында жүр­гізіледі деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін шетелдік көлік­терді заңдастыру туралы құжат­ты Мәжіліс те, Сенат та мақұл­дады. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсем­баевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген машиналарды заңдастыру үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық көлікті тіркеуге мүм­кіндік береді және жергілікті бюд­жетке түсетін көлік салығы артады.