Жаңбыршин айтқан «жалдамалы блогерлерді» жазалау керек пе: Кибершабуылға қатысты сарапшылар пікірі қандай

Qaz365.kz редакциясы

Сіздер мұны тыя аласыздар ма, жоқ па?

Ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин әкімдердің «жалдамалы блогерлері» тарапынан кибершабуыл көп екенін айтып, оларды жауапкершілікке тарту керектігін жеткізген болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

«Әлеуметтік желіде азаматтық тұлғаларға қарсы буллинг өршіп тұр. Мысалы, аноним телеграммаларда, әлеуметтік желілерде фейк аккаунттары бар. Солар арқылы кейбір бизнес өкілдері немесе биліктегі тұлғалар өздеріне ыңғайсыз адамдарға «шабуыл» жасайды. Оларға қаржы төлейді. Сосын мемлекет басшысынан бастап депутаттарға шабуыл жасайды», - деді депутат.

Ол Мәжілістегі әріптесі әрі жерлесі Самат Мұсабаев екеуінің отбасына қоқан-лоқы көрсетіліп, шабуылдар басталғанын айтты. Сосын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне жаздық деп отыр. 

«Біз өңірдегі проблемаларды айтып, мысалы, Маңғыстаудағы мәселелерді көтеретін болсақ, бізге Telegram арналардан, Facebook-тен ақпараттық шабуыл басталып кетеді. Бір қызығы, әкімдер айналасына блогерлерді жинап алған. Оларға қаржы беріп, депутаттарға тиіседі. «Масс-медиа туралы» заң қабылдайық деп отырмыз. Бұл бәріне қатысты дүние. Осындай кибершабуылдарды сіздер бұғаттай алмасаңыздар, бұл заңның не қажеті бар? Мұны істей алмасақ, заң шикі болады. Сіздер мұны тыя аласыздар ма, жоқ па? Қашанғы біздің сыртымыздан отбасымызға тиісе береді. Бұл не деген көргенсіздік?» –  деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат тыя алмайтын болсаңыздар, бізге осындай қаржы, қажетті техника керек деп айт деп отыр. Оларды тауып үстінен қылмыстық іс қозғау қажет деді.

КИБЕРШАБУЫЛДЫ ЕКІ ЗАҢ ДА РЕТТЕЙ АЛМАЙДЫ

Шынымен осындай кибершабуылдар елімізде көп болып жатыр ма? Мамандардан сұрап біліп білдік. Медисыншы, «Мінбер» ақпарат агенттігінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызының айтуынша, кибершабуылды «Онлайн платформалар туралы заң» да «Масс медиа туралы заң» да реттей алмайды.

«Ол негізінде IT-ға байланысты. Өйткені ол жерде адамдар отырып алып жалған, жасырын бот аккаунттармен тіркеледі. Кейбіреулер басқа біреудің атымен тіркеледі. Тіпті Telegram каналдардың өзі аноним, авторы кім екенін білмейсің. Білу үшін Бағдат Мусиннің министрігімен байланысты болуы керек, ол министр оны анықтау керек. Аккаунт Қазақстанда тіркелген бе, шетелде тіркелген бе оның бәрін білу мүмкін емес», - дейді Есенгүл Кәпқызы.

Медиамаман екіншіден конституцияға адамдардың пікір білдіруге құқығы бар, оның бәрін кибершабуыл дей беру дұрыс емес деп санайды. Бұл бүкіләлемдік тенденция екенін еске салды. Ол депутаттың қандай мағынада айтып тұрғанын түсінбегенін жеткізді. Пікір білдіру еркіндігінде жеке басқа өтпей, оның істеп жатқан қоғамдық жұмысына, әрекетіне байланысты сынды шектеп тастайтын болса, ол сөз бостандығына шектеу болады деп санайды.

«Сондықтан депутаттың нені кибершабуыл деп тұрғанын түсіну керек. «Масс медиа туралы заң» мұндай әрекеттерді реттей алмайды. Аталмыш заң әлеуметтік желідегі кез келген контентті реттейтін болса ол мүлде басқа бағыттағы заңға айналып кетер еді. Бүкіл әлемде мейстрим медиа деген бар, ол ресми тіркелген медиа. Ал әлеуметтік желі тіркелген медиаға жатпайды. Оның жұмысын қалай реттейміз, күнделікті болып жатқан кибершабуылды реттеу бүкіл әлемнің күн тәртібінде тұрған мәселе», - дейді сарапшы.

Ол БАҚ туралы заң оны реттеп кететін болса функциясы да өзгереді деп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда әкімшілік және азаматтық, қылмыстық кодекс бар. Бұл заңдарда журналистердің, әлеуметтік желі қолданушылардың жұмысын реттейтін бірнеше баптар бар. Мысалы, ар-намыс, іскерлік бедел, жеке басына байланысты ақпарат тарату, жалған ақпарат тарату, жала жабу мен қорлау, ұлт араздылықты қоздыру деген баптар барын айтты.

Есенгүл Кәпқызы қолданушы шынайы адам ретінде тіркеліп осы баптар бойынша құқық бұзып жатса ғана жазалауға болады деп санайды. Алдымен, онлайн платформа деген не, ресми БАҚ деген не? Соны түсінуіміз керек. Министрліктен арнайы куәлік алмай, тіркелмей ақпарат тарататын сайттар да бар деп отыр.

Ол кибершабуылға тап болған адам өзі медиа сауатты болуы керектігін айтты.

«Адам кибершабуылдан қалай қоғануға болады, бірінші осы нәрселерді білуі керек. Әлеуметтік желілердің арнайы алгоритмдері, арнайы ережелері бар. Көбінде халықаралық әлеуметтік желілер болған соң халықаралық заңдарға бағынады және жоғарыда аталған баптар бойынша да реттеледі. Екіншіден, кибершабуылға ұшыраған адам өзіне агрессия жасап жатқан адамға қарсы шабуылға шықпау керек. Блокттап тастап, өз аккаунтын жасырын қылып қоюға болады. Әлеуметтік желі әкімшілігіне кибершабуыл туралы шағым жазуға мүмкіндік қарастырылған. Құқық қорғау органдарына жоғарыда аталған баптар бойынша шағым түсіре алады», - дейді сарапшы.

ӘКІМДІКТЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ӨСІРІП ШЫҒАРҒАН БЛОГЕРЛЕРІ БАР

Ал блогер Алмас Тоқаев бұл жерде кибершабуыл деген кезде мәселенің барлығы бір ғана блогерге, бір ғана әкімдікке,  бір ғана тапсырысқа тіреліп тұр деп айтуға болмайды деп отыр. Өйткені бірнеше фактор бар көрінеді.

«Біріншіден, әкімдіктердің өздері өсіріп шығарған блогерлер бар. Себебі, алғашында олар ақша төлеп, айтқандарын жаздырады. Сосын ақшасы таусылған кезде әкімдіктің өзіне қарсы шығып, халық арасында шыншыл блогердің рөліне енеді. Екіншіден, сен туралы жазам, жазбаймын деп жұмыс істейтін қолы арам журналистер бопсасынан туындаған бір топ блогер бар. Үшіншіден, президент айтқан «еститін мемлекет» қағидасын негізгі желеуге алып бопсалаумен айналысатындар бар. Күндіз әкімдік басқа жұмысын тастап әлеуметтік желіде тек бізге жауап беріп отыру керек деп ойлайды. Жауап бермесе мемлекеттік қызмет агенттігіне жазады, соңында жауап беруге мәжбүрлейді. Мүмкін ішінде өзекті мәселе бар шығар, бірақ көп жағдайда түбінде бопсалау жатады», - дейді Алмас Тоқаев.

Ол депутаттың өзі де сайлау кезінде блогерлерге ақысын төлеп жұмыс істемеді дегенді ешкім теріс шығара алмайды деп санайды. Себебі депутаттар үміткер боғлан кезде оларды жақтаған-мақтаған адамдардың посттарын оқығанын еске түсірді.

«Ішінде бірлі-жарымы болмаса барлығының бірдей шын көңілмен, аяқ астынан ағасы бар екені есіне түсіп кетті дегенге  сену де қиын. Менің ойымша, бұл жерде ештеңе істей алмайсың, ештеңе істелмеуі де керек. Бірдеңе істеп, блогерларды сотқа сүйрелей беру ол сөз бостандығын шектеу. Қалай болғанда да, мейлі ол бопсалаумен айналыссын, бәле іздеумен айналыссын, бұларды қоғамның санитары деп білу керек. Себебі әлеуметтік желіде көтерілген нәрселер өз шешеімін тауып жатады деген сияқты позитивті, оң жақтары бар. Бұл жердегі мәселе бәрінің бірдей аузын жауып тастау немесе бәрін қудалау, билікке ыңғайсыз әңгіме жазатындарды теріп алып жазаға тарту деген ол цензура», - дейді блогер.

Ол бұлай кете берсек, сөз бостандығын тым шектеп тастаймыз деп отыр. Сондықтан елдегі бар заңды жұмыс істету керек. Яғни, жеке басқа, ар-намысына тисе, сеператизм, терроризм үшін секілді баптармен қарастырып жазалағаны жөн дейді.

«Ал «мынау неге істелінбей жатыр» деген секілді мәселелерді көтеру, мемлекеттік қызметкердің, шенді адамның, депутаттың өмірін бақылау, олар қоғамдық адам болғандықтан олардың киген киімі, ішкені туралы көрсету сөз бостандығы. Сен қоғамдық саясаткер болғандықтан оған дайын болып келуің керек және де қоғамнан бөлініп кетпеуің керек. Қоғамның алдында жауапкершілігің болуы қажет. Әйтпесе ауыз жауып тастайтын болсақ шенеуніктер ойына келгенін істейді. Халық құқығы шектеледі», – дейді Алмас Тоқабаев.