Air Astana әуекомпаниясына ірі көлемде айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы

Әуе компаниясының қызметіне тексеру жүргізілді

polet.me

Air Astana-ға 6,7 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

“Халықтың авиабилеттер бағасының үздіксіз өсуіне, әсіресе жоғары сұраныс кезеңінде (жазғы демалыс кезеңінде) қатты сынға алуы аясында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көлік прокуратурасы органдарымен бірлесіп, Air Astana қызметіне тексеру жүргізді”, – делінген хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша Эйр Астана іс-әрекеттерінде авиатасымалдар нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдалану фактілері әшкере болып, әрбір авиабилеттен жанармай алымын негізсіз алғаны анықталды.

2023 жылдың 8 маусымында Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық соты Эйр Астанаға қатысты 6,7 млрд. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.