Олар Амазонкада бір айдан астам уақыт тіршілік еткен
Колумбия Қарулы Күштері 40 күннен кейін Какета департаментінің ормандарында құлаған Cessna 206 ұшағының ішінде болған 4 баланы тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ел Президенті Густаво Петро оларды «джунгли балалары» деп атады. Төрт бала Амазонкада бір айдан астам уақыт тіршілік еткен.
ВВС-дің жазуынша, 1 мамырда Cessna 206 ұшағы апаттық жағдай туралы сигнал берген. Осыдан кейін ол апатқа ұшырап, 370 сағат іздеуден кейін табылды. Ұшақ бортында жеті адамның үшеуі қайтыс болған.
13 жасар Лесли Якобомбер Мукутуй, 9 жасар Солейни Якобомбер Мукутуй, 4 жасар Тиен Ранок Мукутуй және 11 айлық Кристин Ранок Мукутуй 1 мамырда джунглиде апатқа ұшыраған ұшақта болған еді. Аман қалған осы төртеуі ғана.
Ал үш ересек адам сол жерде жан тәмсіл етті. Оның біреуі – балалардың анасы Магдалена Мукутуй Валенсия.
Semana журналының хабарлауынша, ұшақ апатынан аман қалған 13 жасар қыз орманды паналап, 11 айлық сәбиге, төрт және тоғыз жасар бауырларына қараған.
Колумбия Президенті балалардың тірі қалуын «өмір сыйы» деп атады және джунглидің оларға бір жарым ай қамқор болғанын айта кетті.
«Олар – джунгли балалары, енді олар Колумбияның балалары», - деп жазды Густаво Петро Twitter парақшасында.
Іздеуге Колумбияның 150-ге жуық әскери және қызметтік иттері қатысты. Табылған балалардың фотосуреттерін елдің Қарулы Күштері әлеуметтік желілерде жариялады.
Балалардың әжесі Мария Фатима Валенсия Виллависенсиода тұрады. Ол балалармен тезірек қауышып, құшағына алғысы келетінін, құтқарушыларға алғысы шексіз екенін жеткізді.
Әуе күштерінің мәліметінше, төрт дәрігер, оның ішінде педиатр және неонатолог медициналық көмек көрсеткен.