Бердібек Сапарбаевтың денесін Көкшетаудан Ислам Әбішев алып келе жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11 маусымда Алматыда өтеді

Ашық дереккөздерден

Бүгін 71 жасына қарағанда шағында еліміздің бес облысында әкім болған Бердібек Сапарбаев қайтыс болды. Оның денесін Көкшетаудан Алматыға Ислам Әбішев алып келе жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жазды.

«Өмірі демалуды білмейтін Бердібек көкем Көкшеге демалысқа барып еді…  Бір демалыс… мәңгілік демалуға ұласарын кім білген?!. Бір тынбай соққан алып жүрек тоқтады… Бурабайға барып шөккен қазақтың қаранарын қасында болған інісі Ислам Әбіш Арқадан Алматыға алып келе жатыр… Ертең елдің қоштасуы», - дейді депутат.

Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішевтің жолы біраз жерде түйіскен. Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда, ол Ордабасы ауданында әкім болды. Кейін Шығысқа барғанында, Ислам Әбішев Өскемен қаласының тізгінін ұстады.

«Шығыс Қазақстан облысын басқаруға барғанда Өскемен қаласына өзі іскерлігіне көзі жеткен Ислам Әбішті астанаға вице-министр болып бара жатқан жерінен шақырып алып, әкім етіп тағайындады. Еңбек десе ешқандай сағатқа қарамай жұмыс істейтін екі тарлан Шығысқа шырай кіргізіп, Өскеменді өскелең қалаға айналдырды», - дейді Қазыбек Иса.

Айта кетейік, Ислам Әбішев Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы болғанда, Соколов су құбырын жаңарту бойынша келісімшарт бекіту үшін 60 миллион пара алмақ болған деген айыппен сотталған. Кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 

Ал Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11 маусымда Алматыда өтеді. Марқұмды Абай атындағы опера және балет театрында сағат 10:00-де шығарып салады.