Астаналықтар коронавирусқа ұқсас инфекцияны жаппай жұқтыра бастады

Qaz365.kz редакциясы

Елордада соңғы үш күнде басы ауырып, балтыры сыздап, дене қызуы көтерілгендер саны күрт артқан

turkystan.kz

Елордада соңғы үш күнде басы ауырып, балтыры сыздап, дене қызуы көтерілгендер саны күрт артқан. Кесел белгілері екі жыл бұрын өршіген коронавирусқа айна-қатесіз ұқсаған соң, жұрт үдере медициналық көмекке жүгінуде, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Астанадағы инфекциялық аурулар орталығы. Таң алакеуімнен жедел жәрдем жарты сағат сайын ауру белгілері бірдей науқастарды бірінен кейін бірін әкелуде. Дәрігерлердің  бірауыздан қойған диагнозы - энтеровирус.

Жүрегі айнып, басы ауырып, күніне кеміне үш-төрт рет құсып, дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген. Ақ халаттылардың айтуы бойынша, соңғы кезде ауруханаға түсіп жатқандардың дені осы белгілермен келуде. Үрейленген жұрт «коронавирус болып қалдық па» деп дабыл қағуда. Дегенмен дәрігерлердің бұл ретте өз айтары бар.

Гүлжанат Шыршықбаева Астана инфекциялық аурулар орталығының бөлім меңгерушісі:

- Энтеровирус инфекциясы бұрыннан келе жатқан ауру. Жазда, күзде аталмыш аурумен ауырған адам саны көбейеді. Себебі, көбіне су арқылы таралатын, көлдерде, бассейндерде шомылатын немесе фонтандарда жүрген кезде ауадан тамшы арқылы жұғады.  

Әскер сапына шақырту алып тексерілгенде қанынан энтеровирус инфекциясы анықталған Нұрымхан Мирсағатты дәрігерлер бірден осы ауруханаға алып келген. Бастапқыда кеселдің еш белгісі болмағанымен, бір-екі күннен кейін басы қатты солқылдап ауырып, талып қала берген.

Нұрымхан Мирсағат:

- Әскерге 1 маусымда келдім де, бәріміз анализ тапсырдық. 6 маусымда нәижесі келді. Вирус тапты деді де, бірден ауруханаға алып келді. Күніне бірекі рет құсып сосын басқа белгілері басталды. Басым жиі ауыратын.

Жыл басынан бері бұл дерт 600-ге жуық адамға жұққан. Оның 116-сы 1-4 жас аралығындағы балалар. Шомылу маусымы басталғандықтан, аталмыш сырқатқа шалдыққандар саны да екі есеге өскен. Сондай-ақ санитар мамандар қаланың әр ауданындағы субұрқақтардан сынама алып жатыр.  Зертхана талтауына сәйкес, он шақты субұрқақ нәтижесі нормаға сай болмай шықты. Қарқыны қатты ауруды көбіне кішкентай балалар мен жүкті әйелдер жұқтырады.

Жанна Пірәлиева Астана санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бес айдың қорытындысында Астанада 569 жағдай тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққанда, көрсеткіші – 42,4 . Былтырмен салыстырған кезде 1,8 есе өскен.  

Мамандар балалар мен ата-аналарды барынша сақ болуға шақырады. Айтуларынша, алдағы уақытта коронавирусқа белгілері ұқсас түрлі мутация кеселдердің шығуы қалыпты жағдайға айналады.