Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді

Qaz365.kz редакциясы

Көлік жүргізушілері жаңа жолдың үстімен жүріп, оның артықшылықтарын бағамдап көрді

ИИДМ

Қазақстандағы ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының бірі – Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Көлік жүргізушілері жаңа жолдың үстімен жүріп, оның артықшылықтарын бағамдап көрді. Аталған айналма жол ел тарихындағы алғашқы концессиялық жоба саналады. Оның құрылысы 3 жыл бұрын түрік-корея консорциумының негізінде қолға алынып, жоспарға сәйкес 2024 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Десе де қарқынды жұмыстардың нәтижесінде бұл нысан мерзімінен бұрын тапсырылып отыр.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, аталған автожол мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.

Бұл еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Осы жол құрылысы халықтың игілігі үшін қолға алынғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық, - деді Төлеген Абдуллин.

Концессия тетігіне сәйкес құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражаты есебінен жүргізген. Енді таяу 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады. 66 шақырымға жалғасқан айналма жолды жарты сағатта еңсеруге болады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

Аталған айналма жол мемлекет-жекешелік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз, деді М.Сұлтанғазиев.

Айналма жол 1 А техникалық санаты бойынша салынған. Жобаны қаржыландыруға Еуразиялық даму банкі де қатысқан.

Ресми бөлімнен кейін жаңа жолдың бойымен бірнеше көлік жүріп өтті. Атап айтқанда, Үлкен Алматы айналма жолы белгілері бар 10 ауыр жүк көлігі, 10 автобус және жеңіл автокөліктер Қаскелең қаласына дейін жол тартты.